Өмірге құштарлық

Қиындыққа мойымай, жігерлі болу! Қарағандының орталық саябағында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған шағын эстафета өтті. Жарыстың негізгі қатысушылары тірек-қимыл аппаратына зақымданған адамдар.

Бақыт деген біреу үшін байлық, біреу үшін отбасы, ал біреу үшін біз күнделікті өмірде бағасына бойлай бермейтін – денсаулық. Михаил Мантров көптің бірі емес, керісінше тағдырындағы қиындықтарға қарамастан қатарынан озып арманына ұмтылған жанкешті жанның бірі, әрі бірегейі. Оның басты мақсаты – жарыста басқаларды жеңу емес, спортқа абыройлы түрде атсалысу, үдерістен ләззат алып, жаңа белестерді бағындыру.

– Мен өзім сияқты өмір сүріп жатқан адамдарды көзіммен көргім келді. Солармен кездескім келді. Бір көргенде бұл өте қарапайым жаттығулар болып көрінуі мүмкін. Бірақ керісінше ерекше жандарға ерекше мотивация мен күш береді. Тіпті жүріп кетуге көмектеседі. Операциялардан құтқарып қалуы мүмкін. Мен екі отаны бастан кешіріп көрген адам ретінде оның қандай ауыр екенін жақсы түсінемін. Сондықтан шыны керек, операция жасатқаннан гөрі, кей кезде өз бетіңмен жүріп үйренген артық. Осы сөздің мәнісін ұққан жандармен жолығу үшін келдім. Мақсатымыз бір, – дейді шараға қатысушы Михаил Мантров.

Облыстық спорт басқармасы елімізге еңбек сіңірген халықаралық спортшылармен бірлесіп, тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарға арнап алғаш рет ашық жаттығу ұйымдастырды. Параармреслингтен әлемнің үш дүркін чемпионы Никита Ермаковтың айтуынша, мұндай шаралар кез келген адамның рухын көтеруге мүмкіндік береді және өмірдегі кей сәтсіздіктер кейінгі жетістіктердің бастамасы екенін көрсетеді.

– Қарағанды қаласында ашық жаттығу жасау үшін келдік. Мақсатымыз балаларды спортқа, салауатты өмір салтымен айналысуға тарту. Себебі, спорт ол денсаулық кепілі. Менің ойымша спорттың арқасында осы балалар өмірдегі мақсаттарын айқындап, тік тұрып үйренеді. Әр жаттығу өмірдің әр сатысына көмектессе дейміз, – дейді Никита Ермаков.

Дайындық жаттығулары өте тартысты өтті. Қатысушылар командаларға бөлініп, эстафеталық тапсырмаларды орындады. Шара соңында қатысушылар медаль және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ, «QH»