Өмірге құштарлық
Қарағанды қаласында сенбілікке шыққан кезімде мына ағашты кездестірдім. «Кеудесін» тесіп өткен темірге қарамай өсіп, бізді күннің ыстығынан қорғап, лас ауамызды тазалап жақсылық жасап тұр. Маңайын тазалап, қураған бұтақтарын кесіп, құшақтап едім, маған мұңын шақты.
Айтқаны: «Ей, адамдар, сендердің салғырттықтарыңнан менің кеудемнің ортасында темір қалып қойды. Соған қарамай мен сендерге адал қызмет жасап келемін. Әрине, маған қиын. Уфф! Сендерден сұрайтыным – бізді кеспеңдерші! Бізден жақсылық болмаса, жамандық көрмейсіңдер. Біздің де өмір сүргіміз келеді. Соңғы кезде біздің ағайындарды, ағаштарды, көп кестіңдер. Кескен кездегі ағаштардың шырылдап араша сұраған дауыстары әлі естіледі. Уфф, уфф!.. Кеудемдегі темір батып тұр, не істейін?! Өмір сүру керек, сендерге адал қызмет жасауым керек. Түсініңдерші, өмір сүргіміз келеді.
Қаладағы Жауынгер-интернационалистер көшесіндегі ағаштардан зар жылаған хабар келді. Жылу құбырын айырбастау үшін ағаштарды кеспек екен. Уфф, уфф!.. Айтуға да қиын өзі. Мен кеудемдегі темірмен әлі біраз өмір сүремін. Ал ана екі жүздей ағаштың амандығын тілеймін. Шамаларың келсе, тиіспеңдер, сендер адамсыңдар ғой, біз сияқты қорғансыз ағаш емессіңдер. Қаладағы басқа да ағаштарды құрылыс болады деп кеспеңдерші, жалынып сұраймын! Уфф, уфф! Былтыр қалада ағаштар отырғызғанда қуанып қалып едім көбейетін болдық деп. Бекер болыпты… Дұрыс отырғызбай, су құйылмай, қурап қалды. Жап-жас ағаштарға обал. Шөлден қурағанын білгенде аяп кеттім. Амандықта болайық. Уфф, уфф!.. Кеудедегі темірдің кесірінен шаршап қаламын.
Ей, адамдар, негізі, біз киеліміз, көп кесе берсеңдер, киеміз тиіп кетуі мүмкін».
Міне, ағайындар, Қарағандының қайсар, кеудесінің қақ ортасында адамдардың салғырттығынан темір қалып қойған ағаштың айтқаны. Ағаштармен де, үйдегі гүлдермен де, жалпы өсімдіктермен сөйлесу керек, олар бәрін түсінеді.
Сәкен Сәбиденұлы Келдібаев,
зейнеткер