Өмірге сенім ұялатқан фестиваль
Қарағанды қаласында ерекше қажеттіліктері бар жастарға арналған облыстық өнер және спорт фестивалі өтті. «Өзіңе сен!» ұранымен ұйымдастырылған бұл шара облыстық ішкі саясат басқармасының әлеуметтік тапсырысы аясында өткізілді. Фестивальге аймақтың түкпір-түкпірінен келген мыңға жуық жас қатысты.
Іс-шараның басты мақсаты мүмкіндігі шектеулі жастардың шығармашылық қабілетін дамыту, олардың қоғам өміріне белсене араласуына жағдай жасау және өмірге деген сенімін арттыру болды.
Фестивальдің алғашқы күні спорттық жарыстарға арналды. Қатысушылар дойбы, шахмат, дартс, тоғызқұмалақ және асық ату сияқты ұлттық және заманауи ойын түрлерінен өзара бақ сынасты.
Келесі күні өнер додасы жалғасын тапты. Жас таланттар би, вокал, көркемсөз оқу, аспаптық музыка және бейнелеу өнері номинациялары бойынша өнер көрсетті. Әрбір қатысушы өз қабілетін ашып, ерекше әсер қалдырды.
Фестиваль ұйымдастырушысы, клиникалық психолог Резеда Баймұхамедованың айтуынша, мұндай шаралар жастардың өмірге деген сенімін нығайтып, қоғамдағы орнын сезінуге мүмкіндік береді:
– Біздің мақсатымыз әр бала өзіне сенсін, өз қабілетіне сенсін деген ой. Бұл фестивальде жеңілген ешкім жоқ. Өйткені ең үлкен жеңіс – өмірге деген сенім мен өз күшіңе деген сену», – деді ол.
Шара соңында қатысушылардың барлығы дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілмек.
Осындай игі бастамалар ерекше жандардың әлеуетін танытып қана қоймай, қоғамда инклюзия мәдениетін қалыптастыруға, өзара түсіністік пен қолдауды арттыруға зор үлес қосады.
Ералы ҒАНИ,
«QH»