Міндетті таңбалау

Дәрі-дәрмектің жасалуынан бастап бүкіл өндіріс барысын бақылау енді оңай болады. Елімізде 1 шілдеден бастап өндірілген және әкелінген дәрілік заттарға қатысты міндетті таңбалау енгізілді. Қарағандылық өндірушілер дәрі-дәрмектерге QR-кодтарды қолдануға кірісті. Ал дәріханалар таңбаланған препараттарды шығаруға дайын.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Таңбалануға жататын тауарлар тізбесін айқындау туралы» 2020 жылғы 10 қыркүйектегі №568 Қаулысына сәйкес 2024 жылғы 01 шілдеден бастап барлық дәрілік затқа міндетті таңбалау енгізіледі. Дәрілік заттарды таңбалау мен қадағалауды енгізу дәрілік заттың өндірістен бастап соңғы тұтынушыға өткізілуіне дейінгі өмірлік цикліне мониторинг жүргізуге, фармакологиялық қадағалау тиімділігі мен дәрілік заттардың сапасын бақылауды арттыруға, дәрілік заттардың бағасына бақылауды жүзеге асыруға, дәрілік заттардың заңсыз айналымына жол бермеу мақсатында дәрілік заттарды болжау мен сатып алуды жақсартуға мүмкіндік береді деп күтілуде. Кәсіпорында 2021 жылы пилоттық режимде дәрі-дәрмектердің 9 атауын, атап айтқанда сырғытпаны, конвейерді және таңбалауға арналған жабдықты орнатуға кірісті. Сондай-ақ, бағдарламалық жасақтама және штат санын 2 адамға көбейту қажет болды. Барлығы шамамен 140 миллион теңге жұмсалды. 1 шілдеге дейін бүкіл үдеріс Мемлекеттік есеп жүйесіне біріктірілмеген, бірақ қазір сканерлеу арқылы сатып алушы өнім туралы бәрін біле алады. Мұндай QR-кодтың құны 2,6 теңге көлемінде.

– Жоғары технологиялық гендік-инженерлік препараттар онсыз да өте жоғары бағамен сатылады, сондықтан соңғы жасалған инвестициялар, кодтың құны дәрінің бағасына еш әсер етпейді, – дейді «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС бас директоры Сергей Барон.

Бүгінгі таңда облыста 464 дәріхана бар. Олардың 85%-ы жүйеге кіріктірілген және таңбаланған дәрі-дәрмектерді сатуға дайын. Бірақ әзірге дәріхана сөрелерінде 1 маусымға дейін алдын ала сатып алынған әрі таңбаланбаған өнімдер тұр. Бағаның одан әрмен өсуі әбден мүмкін.

– Олардың шекті бағасы бар және препараттардың бағасы белгіленгеннен аспауы керек. Бірақ жеке және жалпы саудада сатудың өсуі 4-тен 6-ға дейін болуы мүмкін, яғни 10%-ға дейін болады, – деп атап өтті Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Ольга Смирнова.

Дәрі-дәрмектерді таңбалау басқа елдерде өз нәтижесін берді. Оның артықшылығы тек сапалы отандық препараттарды ғана емес, сонымен қатар шетелдік дәрі-дәрмекті сатып алуға кепілдік береді. Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласындағы жаңашылдықтар біздің елге дәрі-дәрмектердің заңсыз жеткізілуіне жол бермейді. Денсаулық сақтау министрлігі жүйеде дәрі-дәрмектердің бағасын белсенді қадағалап, оларды сатып алуды алдын-ала жоспарлай алады.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ, «QH»