Міндетті медициналық сақтандыру: 2026 жылдан қандай өзгерістер енгізіледі

Қарағандыда облыс әкімінің орынбасары Ораз Тәуірбековтің төрағалығымен өңірлік штабтың кезекті отырысы өтті. Жиында тұрғындарды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне тарту мәселесі талқыланды.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Қарағанды филиалының директоры Фазыл Копобаевтың айтуынша, өңірде оң динамика байқалады.

– Тамыз айының соңына қарай облыста 960 364 азамат сақтандырылған. Бұл – жалпы халықтың 84,8 пайызы. Соңғы айларда сақтандырылмағандар қатары азайып келеді. Әсіресе Шахтинск, Қарқаралы, Шет және Ақтоғай аудандарында айқын нәтижелер бар, – деді ол.

Келер жылдан бастап МӘМС жүйесінде бірқатар маңызды жаңалық күшіне енеді. Заңнамаға енгізілген толықтырулар медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға, халықты қамтуды кеңейтуге және саланың қаржылық тұрақтылығын нығайтуға бағытталған.

Жұмыссыздар мен әлеуметтік осал топтар үшін жарналар жергілікті бюджет есебінен төленеді.

Жарна есептеу табысының жоғарғы шегі ұлғаяды: қызметкерлер үшін ең төменгі жалақының 10 еселенген мөлшерінен 20 есеге дейін, жұмыс берушілер үшін 40 есеге дейін.

Ұзақ мерзімді сақтандырудың артықшылығы: егер азамат бес жыл қатарынан үзбей жарна төлесе, төлем тоқтаған соң да алты ай бойы МӘМС жүйесіндегі медициналық көмекті тегін ала алады.

Отырыс қорытындысы бойынша облыс әкімінің орынбасары жергілікті атқарушы органдарға бірқатар нақты тапсырма берді. Әсіресе сақтандырылмаған азаматтармен жұмыс күшейтілуі қажет.

Билік өкілдері толық көлемдегі медициналық көмек пакеті тек сақтандырылғандарға ғана қолжетімді екенін ескертеді.

Қарағанды облыстық филиалының Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры баспасөз қызметінің ақпараты негізінде