Михаил Шайдоров – Қазақстанның жаңа Олимпиада чемпионы
Қазақстандық спорт сүйер қауым үшін жаңа қаһарман пайда болды. Михаил Шайдоров. Жақында мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада ойындарының алтын медалін жеңіп алған спортшы ел ішінде және халықаралық аренада ерекше қызығушылық тудырды. Бұл жеңіс еліміз үшін тарихи оқиға болды, себебі 2018 жылы Денис Тен қаза тапқаннан бері Қазақстан мәнерлеп сырғанаушыларының ешқайсысы тұғыр биігіне көтерілмеген еді.
Жеңісті естіген сәттен бастап, Михаилды әлемдік және қазақстандық жұлдыздар құттықтады. Құрылыс компаниясы бозбалаға пәтер сыйлауды жоспарлап отыр, ал Димаш Құдайберген өз сыйлығын – көлігін тарту етемін деп жариялады. Димаш Инстаграмдағы парақшасында Михаилға шын жүректен жылы лебізін білдіріп, оны Денис Теннің ізбасары деп атады.
Мемлекет тарапынан да марапат қарастырылған: чемпионға 250 мың доллар, шамамен 124 миллион теңге сыйақы беріледі. Михаил Шайдоров Алматының тумасы ретінде Денис Теннің ізін жалғастырып, елдің үмітін ақтады.
Михаилдің жеңісі тек Олимпиадада ғана емес, оның мансабындағы көптеген жетістігімен де ерекшеленеді. 2020 жылы Қазақстан чемпионы атанған спортшы, 2021-2024 жылдары бұл атағын бірнеше рет қорғады. 2022 жылы жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатының күміс жүлдесін иеленсе, 2023 жылы «Cup of China» турнирінде қола, ал 2024 жылы сол жарыста күміс медаль алды. 2025 жылы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Төрт құрлық чемпионатының жеңімпазы және Азия ойындарының қола жүлдегері атанған. Ал 2026 жылы ол Олимпиада чемпионы атанып, Қазақстанға алтын әкелді.
Ерекше назар аударарлығы, Михаил өзінің жеңісті бағдарламасын Денис Тен сияқты Димаш Құдайбергеннің әніне орындады. Бұл қимыл мен өнерді үйлестірген тамаша көрсетілім, Қазақстан мәнерлеп сырғанауының жаңа дәуірінің бастамасы деп айтуға болады.
Михаил Шайдоровтың жеңісі – елдің спорт тарихында есте қаларлық кезең, қайғы мен үміттің арасындағы көпжылдық кезеңді аяқтап, қазақстандықтарға жаңа қуаныш пен шабыт сыйлады.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»


