Меритократия жолымен

Ұлы Абай айтып кеткендей: «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға». Жас ұрпақтың санасына сіңіретін тәлім-тәрбие мен үлгі-өнегені барлық күш жігерімен ұғындыратын ерекше тұлға – ол ұстаз. Ұстаз алдында адамзаттың бәрі бас иеді. Ұстаз болашақ азаматтарды ғана емес, бүкіл болашақ қоғамды қалыптастырады. «Еңбек адамы» айдарымыздың бүгінгі кейіпкері – ұстаз, ол мұғалім болуды бірінші сыныпқа барғанда-ақ ұғынған екен. Кейіпкеріміз: «Менің білім жолына келуім Гегельдің «Даму туралы» іліміндегідей «кездейсоқтық пен қажеттілік» дейді. Сонымен бүгінгі кейіпкерімізбен таныс болайық, ол – Қарағанды қалалық білім бөлімінің басшысы Әшім Есентай Мұқатайұлы.

Есентай Мұқатайұлы білім саласында қырық жылға жуық еңбек етіп келеді. Барлығымыз ол кісінің білім саласындағы еңбек жолын ұстаздықтан бастады деп жүрсек, ол кісі: «мен бұл салаға он жасымда келген едім» дейді. Яғни кейіпкеріміздің сөзінше он жасынан бастап ол анасына көмектесіп ауыл мектебінде еден жуған екен. Бұл қызықты бүгінде білдей қалалық білім бөлімінің басшысы еш қымсынбастан баяндап берді.

Ұстаздыққа келу жолу

– Негізінен білім саласындағы еңбек жолымды 10 жасымнан еден жуушы болып бастағам. Аналарымыз мектепте еден жуушы деп есепте тұрады, бірақ еденді біз – балалары жуатынбыз, солай сегізінші сыныпты бітіргенше қолымнан швабра түспеді. Ал жалпы менің білім жолына келуімде Георг Гегельдің «Диалектика» деген даму туралы іліміндегі «кездейсоқтық пен қажеттілік» деген категориясы әсер етті. Ньютонның басына алма құлады ол – кездейсоқтық, ал қажеттілік Ньютонтың екінші заңы ашылды. Сол сияқты менің осы жолға келуім кездейсоқтық пен қажеттілік. Біріншіден, бірінші сыныпқа мектепке барғанда бірден мұғалімді көріп мұғалім болғым келеді деп ойладым. Қапас аға, Ғалия апай сабақ берді, сол кісілерге қарап отырып менің де сабақ бергім келетін. Онан соң біраз есейе келе еркектің жұмысы емес қой деп ойладым, басқаша ойлана бастадым. Осы кезде тағы бір кездейсоқтық – ол менің қазақша оқығаным болды. Біздің ауыл тың игерушілер ауылы болып ашылған, сондықтан әу бастан балалардың барлығы орысша оқыған, сол кездегі Егіндібұлақ ауданының Абай ауылы. Балалардың барлығы орысша оқиды, мен алты жасымда қазақша оқимын деп тұрып алдым. Есейе келгенде әкем қалжыңдап: «Ой, балалардың барлығы орысша оқыған қалаға барады, Есентай орысша білмейді, ертең нан сұрап жей алмайды қалада, ауылда қалып тракторист болады» дейтін. Мен ол кезде жасөспірім баламын қатты уайымдадым, шынымен қалып қойдым ба деп. Бір күні «Орталық Қазақстан» газетін оқып отырсам, Саран педучилищесінде қазақ бөлімі бар деп жазылып тұр, содан мен «о, мен мұғалім болам, мында қазақша бар екен қалаға кетем» дедім. Сөйтіп Саран қаласына келіп бірден еңбек, сызу мұғалімі деген бөлімге түсіп кеттім. Сол мамандық бойынша оқып шықтым, содан кейін мектептерге практикаларға, пионер лагерьлерге практикаға бардық, бәрі қолдан келеді, өте жақсы үйретті. Осындай кездейсоқтықтың арқасында қажеттілік туып мен мұғалім болдым. Міне бүгінде осы салада еңбек етіп жүргеніме отыз жылдан асты, – дейді Есентай Әшім.

Әр адамда болатындай арман қуып бір жылдары тіпті бұл саладан кетем бе деп те ойлаған екен кейіпкеріміз. Оған себеп Мәскеудің авиация институтына түсу арманы. Ол жерге барғанда конкурстан өтпей қалады, алайда арманы жібермей сол кездегі Рабфак дегенге түсудің жолын ойлайды, бір жылға мұғалімдіктен кетіп қарапайым жұмысшы болып автопаркке тұрады. Себебі, ол жерге қарапайым жұмыскерлерді ғана алады екен. Осылайша жұмысшы болып істеп жүргенде Совет армиясы барлық солдатты қайтарып, енді сырттан келгендерді қабылдамаймыз деген шешім шығарады. Содан кейіпкеріміз қайта мектепке келген екен.

– Еңбек жолымды Қарағанды қаласындағы №78 мектепте еңбек, сызу пәндері мұғалімі болып бастадым, одан әскерге кетіп, онан келген соң №27 мектепте жұмыс жасадым. Онан соң ауылға қайту керек болды, ауылдағы мектепте мен еңбек және сызу пәндері мұғалімі болып бастап, сырттай тарих факультетін бітіріп, кейін тарих пәні мұғалімі болдым, ауылда сегіз жыл жұмыс істедім. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, оқу жөніндегі орынбасары болдым, кейін қалаға көшіп келіп, қаламыздағы №6 мектепте еңбек жолымды жалғастырдым. Сол кезде қазақ сыныптары жаңа ашылып жатқан мұғалім сағаты аз болғадықтан ол жерде сурет, сызу, тарих және география пәндері мұғалімі болдым, орыс бөлімінде де, қазақ бөлімінде де. Бір уақытта төрт пәнді екі тілде бердім. 1998 жылы директорымыз бізге қазақ бөліміне бөлек орынбасар керек сіз боласыз деді, мен келістім. Сөйтіп сол жерде үш жыл директордың орынбасары болдым, онан соң 2001 жылы №6 және №83 мектеп болып екіге бөлініп, мен №6 мектепке директор болып тағайындадым. Үш жыл істеген соң Білім басқармасына шақырып, №2 мектеп интернатқа директор боласың деп мәжбүрледі десем болады. Сол мектепті көтеру керек деп жіберді. Сол мектепте он үш жыл директор болдым, қарапайым аз қамтылған отбасылардың балаларына арналған интернаттың бүгінгі күні дарынды балаларға арналған үш тілде білім беретін мектеп болып республикалық рейтингтардың бас жағында тұр, – деп бөлісті кейіпкеріміз.

Қарапайым мектеп-интернатты мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа айналдыру

Иә, бүгінде тек облысымызда ғана емес, Қазақстан бойынша мықты мектептердің қатарындағы қаламыздың Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицей- интернатын білмейтіндер аз шығар. Есентай Мұқатайұлы мұнда 2004-2017 жыл аралығында он үш жыл бойы директор қызметін атқарды, және де мектептің бүгінгі деңгейге жетуіне өз үлесін қосты. Сол кездегі қарапайым мектептің бүгінде республикамызда үздік мектептер рейтингісінде тұруын мақтан тұтамын дейді ол.

– Мен келген соң ол мектепті алға шығарудың әдістерін жан-жақты іздей бастадым, алдыңғы қатарлы мектептердің тәжірибесіне үңілдім, көптеген семинарға бардық, түрлі тренингке барып, көптеген сертификат алдым, оның барлығын ұжыммен бірге жүріп оқыдым. Осының барлығының негізінде біріншіден, әрине намыс, қазақ мектебі тартымды бола алады деген сенімде болдым мен. Алдыма қойған бірінші мақсатым сол маңайда тұрған атақты орыс тілде білім беретін мектептерден басып озу болды, ол кезде мектептің әлеуеті төмен еді. Мен келгенде ол мектепте олимпиадаға тек қазақ тілінен ғана қатысатын және ҰБТ ортақ балл 54 қана. Әрине жұмыс көп болды, сол үшін мұғалімдерді өзім тренер ретінде үнемі оқыттым, алдында өзіммен бірге жұмыс істеген жақсы мұғалімдір тарттым қасыма, сол жердегі мықты мұғалімдерге қолдау көрсеттім, сол ұстаздарды қолдау, дамыту арқылы осындай нәтижеге жеттік. Және де ол жерде үлкен ықпал еткен мәселе – ол қазақ-түрік лицейінің тәжірибесін енгізу. Онан кейін «Сын тұрғысынан ойлау», «ХХІ ғасырдың инновациялық мектебі» тәжірибесі, халықаралық бакалавриат, осының барлығы мұғалімдердің санасын өзгерте бастады. Ең бірінші осылай оқыта бастағанда мұғалімдер де, оқушылар да біз ештеңе түсінбедік деді, мен өзімді оқытқан тренерлерге осыны айтқанда, олар сіз керемет жетістікке қолжеткізіп жатырсыз деді. Білім саласына деген ескіше стереотиптер қирап жатыр, яғни жаңа көзқарасқа келесіз деді, соңында біз соған келдік, – дейді Есентай Әшім.

Есентай Мұқатайұлы директор болып келген соң, бір жылдан бұл мектеп қаланың әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларының балаларына арналған интернат болады деген сөз тараған екен.

– Ол дегеніміз ертең мектеп тек қана асханада тегін тамақ пен тегін киім тарататын интернат болады деген сөз. Мен олай болғым келген жоқ, сосын мен бұл мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп интернат болады дедім. Соған қол жеткіздік, ол статусты алғанда бәрі күлді, бірақ біз алға жүре бердік. Ол жерде біз бастауыш сыныптарды жаптық, 5-11 сынып арасында конкурстың негізде қабылдайтын мектеп болды. Бірінші конкурсқа тек бес бала келді, оның біреуі төрт алды, қалғандары екі алды, бірақ алдық бәрін. Бүгінде Нұрмақовта елу баланың орнына бес жүз бала келеді конкурсқа. Екі жыл өткен соң ол мектептің статусын тағы өзгреттім, 2007 жылы үш тілде білім беретін дарынды балаларға арналған мектеп-интернат деп өзгерттім. Сосын мамандар іздей бастадым, ағылшын тілін оқытуды өзгерттім, методикасын бәрін. Жас мамандар келіп, сабақ берді, жақсы серпіліс болды. Жастардың жалынды жігері, олардың білімі, заманауи трендтер білім берудегі, осының бәрін олар сабақ беруде қолдана бастады. Мектеп мұғалімдері оқытуда балалардың ойлау операцияларының ғылыми негізде басқара алуға үйренгендігі соншалық, кейіннен Қазақстан жаңартылған білімге көшкенде республикалық түрлі курсқа барғанда біздің мұғалімдер бәрін біліп барды. Осыны мақтанышпен айта аламыз. 2008 жылы мен ол мектептің әлеуетін көтеру үшін көп жұмыс жасадым, соның бірі ребрендинг жасадым, ұлы тұлғаның аты берілген соң нөмірді алып тастадық, сол себепті бүгінде ол Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп-лицей-интернаты, – дейді ол.

«Бүгінде басқа да қарапайым мектептерді Нұрмақов немесе одан да басқа мықты мектептердің қатарына дейін көтеру мүмкін бе?» деген сұраққа, ол:

– Көтеру, әрине мүмкін, ол үшін директор мен педагогтар белгілі бір жанқиярлықпен қызмет ету керек. Жапония ұстаздарында мынадай ұран бар: «Жапония және әлемнің саналы азаматын тәрбиелеу. Жапон мұғалімі Жапонияға қызмет еткенде жанкештікпен қызмет ету». Бізде осыны қолға алсақ жетістіктерге жетуге болады.

Ұстаздық па, әлде басшылық қызмет пе?

Кейіпкеріміздің сөзінше, білім саласындағы еңбегінің әр кезеңінің өз маңызы бар. Ол кезде мен әрі қарай сол мектептің директоры болып қалсам, мектепті кері тартушы едім, қызметте дер кезінде, уақытылы ауысып отыру дұрыс дейді. Н.Нұрмақов ММЛИ кеткен соң Есентай Мұқатайұлы Теміртау қаласының білім бөліміне басшы болып тағайындалды. Ол жерде төрт жыл қызмет етіп, бүгінде Қарағанды қаласының білім бөлімін басқаруда.

– Мен мектептегі миссиямды орындап болдым, бүгінде сегіз жыл болды міне мемлекеттік қызметте жүрмін. Маған өмірімнің әр кезеңі ұнайды, қазір мұғалім болғым да, директор болғым да келмейді, осы қызметім ұнайды. Бүгінде жалпы білім саласында, біздің қалалық бөлімде көптеген жұмыс атқарылып жатыр. Түрлі жобамыз бар, соларды іске асырудамыз. «Инновациялық аймақтағы сабақ», «Зияткерлік модернизация» деген жобалар жүріп жатыр. Негізгі мақсат – құндылықтарға негізделген білім беру, қазақ тілінде білім алуды брендке айналдыру, – деп атап өтті Есентай Мұқатайұлы.

Бүгінде дәстүрлі мұғалімге қарағанда, цифрлы мұғалім қызығырақ

Оның сөзінше, бүгінде министрлік тарапынан жаңашылдықтар енгізілуде, реформалар жасалуда.

– Министрлік білім саласында жасап жатқан барлық реформаны өз басым толықтай қолдаймын, өйткені, білім саласында жаңаша, әлемдік көзқарасқа алға тартады министр. Өте жақсы әдістемелік құралдар ұсынылып жатыр, мәселе соны жүзеге асыруда. Біз соны жүзеге асыруда мұғалімдерді дамытпасақ, оны тағы да бір «рамкаға» салып аламыз, сол «рамкаға» кіріп кетпеу үшін, балаларды еркін ойлауға үйрету үшін біз жаңа әдістемелер, технологиялар, жаңа стратегиялардың бәрін меңгеруіміз керек, мұғалім портфолиосы деген әдістеме жағынан керемет болу керек. Мұғалім бүгін білім алуға көмектесуші, ал ол қалай көмектеседі? Ол түрлі интернет ресурстарды өзі жақсы біледі, оған сыни көзқарастарды біледі, ол жасанды интеллекті, ақпараттық технологияларды меңгерген мұғалім. Өйткені, балаларға бүгінгі күні қағаздан берілетін білім қызық емес, балаларға гаджеттен берілген білім қызық. Егер баланың назары гаджетте болса, керек білім мен құндылықты соның ішіне салып қою керек. Бүгінгі күні дәстүрлі мұғалімге қарағанда цифрлы мұғалім қызығырақ, – дейді Есентай Әшім.

Қай салада болмасын басшының сол саланы толық меңгергені, ол жүйені ішінен жақсы білгені маңызды. Себебі, кейіпкеріміз айтпақшы, басшы деген ол өз алдына бөлек мамандық, ол менеджер, оның көшбасшылық қасиеті болу керек, басқарылып отырған жүйе туралы толық білуі тиіс. Сол жүйеде қарапайым қызметкер болып істеп көргеннен кейін ғана, ол барлығын түсінеді. Жүйенің ішінде қайнап пісуі керек. Бүгінгі кейіпкеріміз осының дәлелі. Жастайынан анасына көмектесіп мектепте еден жуушыдан бастап, мектептегі қызметтің бар сатыларынан өткен, бүгінде білім бөлімінің басшысына дейін көтерілген Есентай Мұқатайұлы жастарға үлгі боларлық еңбек адамы деп толық айта аламыз.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

«QH»