Мерейлі отбасы

Қарағандыда «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңі өз мәресіне жетіп, үздік отбасылар марапатталды. Бұл игі шараның басты мақсаты  отбасылық құндылықтарды кеңінен насихаттап, үлгілі жанұяларды дәріптеу.

Аталған байқау отбасы институтын нығайтуға, қоғамда татулық пен өзара түсіністікті арттыруға бағытталған. Шара барысында жергілікті өнерпаздар концерттік бағдарлама ұсынып, жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Жас отбасы аталымы бойынша жеңімпаз атанған Сейдалиевтер отбасы өз әсерлерімен бөлісті:

– Бұл байқауға біраз уақыт дайындалдық. Дайындық барысында халқымызға отбасымыздағы құндылықтарды, тәрбиеге деген көзқарасымызды, жанұялық берекемізді көрсетуге тырыстық. Біз – офицерлер отбасымыз. Екеуміз де құқық қорғау саласында қызмет етеміз, – дейді Сейдалиевтер отбасы.

Биылғы байқауға Қарағанды қаласынан алты отбасы қатысып, өзара бақ сынады. Жалпы жүлде қоры 800 мың теңгені құрады. Жеңімпаздарға дипломдар мен ақшалай сертификаттар табысталды.

Жастар ресурстық орталығы директорының міндетін атқарушы Ғазиз Зұлхарнай байқаудың әділ әрі ашық өткенін атап өтті:

– Байқауға қатысушы отбасылар арнайы құрылған комиссияның шешімімен бағаланды. Қазылар алқасының құрамында қоғам белсенділері, мәслихат депутаттары, жастар көшбасшылары және өткен жылғы жеңімпаздар болды. Әр отбасының құрылғалы қанша жыл болғаны, бала саны, жеткен жетістіктері секілді көрсеткіштер ескерілді, – деді ол.

Қалалық кезеңнің бас жүлдесін 2 баланы тәрбиелеп, 2 немересін өсіріп отырған, өнегелі өмір жолымен көпке үлгі болып жүрген Даулетбаевтар отбасы иеленді. Енді олар облыстық кезеңде бақ сынамақ.

– Бірінші орын алып, қуанышымыз еселенді. Барша ұйымдастырушыларға және қолдау көрсеткендерге шексіз алғысымызды білдіреміз. Бұл – ел Президентінің бастамасымен қолға алынған жобалардың бірі. Осындай байқаулар жалғасын тауып, отбасылық құндылықтардың дәріптелуі үзілмесе екен дейміз. Бабаларымыздан қалған асыл мұраларды ұрпаққа аманаттап жеткізу – бәріміздің ортақ парызымыз, – деді Даулетбаевтар отбасы.

Шын мәнінде, берекелі отбасы – елдің тұтастығы мен қоғамның тұрақтылығының тірегі. Байқауға қатысқан әрбір жанұя өзгелерге үлгі бола білді.

Ералы ҒАНИ,

«QH»