Мерейлі мереке

Қазақстан мәслихаттарына 30 жыл. Мерейлі мереке қарсаңында қаламыздың мәслихат депутаттары Ерлан Қошановтан марапат алды. Халық қалаулыларына арналған концерттік бағдарлама өтті.

– Қарағанды мен үшін де қашанда қымбат, ыстық, қастерлі өлкеміз. Егемен елімізбен бірге жасай берсін! Сіздерге мықты денсаулық, зор бақыт тілеймін, құрметпен ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы – Ерлан Қошанов. Әріптестер, бұл сіздерге жолданған құттықтау хат. Депутаттың миссиясы ерекше, халықты тыңдау үшін жылы жүрек керек, сауатты болу керек. Елімізге ынтымақ, бірлік тілеймін. Бай, қуатты болайық! – деді ҚР Парламентінің депутаты Құдайберген Бексұлтанов.

Қазақстан мәслихаттарына 30 жыл толуы республика көлемінде ауқымды түрде аталып өтіп жатыр. Себебі, мәслихат депутаттары халық қалаулылары. Елдің жоғын жоқтап, үніне құлақ асар бірегей тұлға. Осы ретте аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев барлық 8 шақырылымның депутаттарын құттықтады.

– Бұл кезең ішінде, мәслихаттардың өкілдері біртіндеп кеңейді қазір. Органның мәртебесі мен беделі артып келеді. Мәслихаттың рөлі әліде күшейгені дұрыс деп санаймын. Бүгінде мәслихаттар жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін маңызды элементіне айнала отырып, өз дамуын жалғастыруда. Біздің сіздермен бірлескен жұмысымыз, пікірталасымыз аймағымыздың дамуына ықпал етіп, билікті атқарушы орган тармағын тиімді жұмысын қамтамасыз етеді, – деп атап өтті Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Қарағанды облыстық мәслихаты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес 1993 жылы құрылды. Бұл кезең Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарына тұспа-тұс келіп, елдің мемлекеттік басқару жүйесінің қайта құрылуымен байланысты болды. Қарағанды облыстық мәслихаты Қарағанды облысының өкілді органының бірі, оның негізгі міндеті — облыс көлемінде тұрғындар мүддесін қорғау және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты маңызды шешімдер қабылдау. Мәслихат жергілікті мемлекеттік басқарудың заңнамалық деңгейін қамтамасыз етеді және халықтың мүддесін білдіретін жергілікті өкілді орган.

– Депутаттар қалай жұмыс атқарады, халық үшін қалай жұмыс істейді? Біз оны біз жақсы білеміз. Бүгінгі біздің облыстық мәслихатта бұрын қалада жұмыс істеген, тәжірибе алған азаматтар қызмет етеді. Әртүрлі партиялардан келген, өздерін көрсеткен депутаттар бүгін бізбен бірге осы залда, биыл Қарағанды қаласының мерекесі – 90 жыл, мәслихаттың 30 – жылдығы. Мерекелеріңізбен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! – деп құттықтады Қарағанды ​​облыстық мәслихатының төрағасы Нұркен Кобжанов жиналғандарды.

Мерекеге ардагер депутаттар келіп, оларға барша халық пен билік атынан алғыс білдірілді.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ, «QH»