Мен бақытты баламын
Қарағанды қаласының Оңтүстік-Шығыс тұрғын ауданында орналасқан «Еркетай» балабақшасы осы ауданда тұратын 150 балаға қызмет көрсетеді. Балабақшаның педагогикалық ұжымы Қарағанды облысының оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастырған «Мен бақытты баламын» облыстық жобасына қатысып отыр. Аталған жобаның мақсаты – мектепке дейінгі жастағы балалардың эмоционалдық саласын қалыптастыру.
Эмоция – біздің өміріміздің ажырамас бөлігі. Эмоциясыз өмір сүретін адамдарды елестету қиын, ондай адамдар роботтарға ұқсап кетуі мүмкін.
Эмоциялар балалардың дамуына маңызды рөл атқарады. Эмоциялар арқылы балалар түрлі жағдайларға бейімделеді. Қорқыныш балаға өз өмірін қорғауға мүмкіндік береді, қуаныш баланы жақындарына нәзіктік пен қамқорлық көрсетуге итермелейді, ұялу жақсы мен жаманды ажыратуға, ыңғайсыздық сезінуге көмектеседі.
Эмоция – баланың ішкі күйін қоршаған ортаға жеткізетін белгі. Тіпті диалог болмаған жағдайда да ересек адам баланың эмоциялары арқылы оның жан дүниесін түсіне алады. Балалардың эмоциялары болашақ ересек адамның мінез-құлқына әсер етеді және оның әлеуметтік мінез-құлқын қалыптастыруға қатысады.
«Еркетай» балабақшасының педагогтары әр тәрбиеленушінің оң эмоционалдық фонын қалыптастыруға тырысады. Балалардың эмоциялары ересектерге қарағанда әлдеқайда жарқын және айқын көрінеді. Балалардың эмоцияларының пайда болуының негізгі себептерінің бірі – құрдастарымен және ересектермен қарым-қатынас жасау. Себебі, бала балабақшада үйде жақындарымен өткізетін уақыттан әлдеқайда көп уақыт өткізеді. Сондықтан баланы қамқорлық пен мейірімге бөлеп, оның құқықтарын мойындау, құрдастарымен дос болуға үйрету өте маңызды. Сонда ғана бала өзін эмоционалды қолайлы сезінеді.
Балабақшада қолайлы орта қалыптастыру үшін педагогтар балалар мен олардың ата-аналарының оң эмоцияларын дамыту мақсатында түрлі ойындар мен тренингтер ұйымдастырады. Балалар үшін қолжетімді орталықтармен, жарқын безендірілген дамытушы кеңістік құрылды. Авторлық қозғалыс ойындары, үстел ойындары, логикалық ойындар жасалды. Олар оң эмоционалдық фон қалыптастыруға, агрессия белгілерін азайтуға ықпал етеді. Эмоциялық сипаттағы тапсырмалар мен жаттығулар ұялшақ, тұйық балаларға өз орнын табуға, өзіне сенімді болуға, жауапкершілікті алуға және тапсырмаларды орындауға көмектеседі. Ойын, әсіресе эмоционалдық бай формада өтсе, баланың дамуына үлкен әсер етеді.
Біздің тәрбиешілер мен мамандар «Еркетай» балабақшасында семинарлар өткізіп, басқа балабақшаларда «Мен бақытты баламын» жобасы аясында облыстық семинарларға қатысып, тәжірибе алмасуда. Сонымен қатар әріптестерінің тәжірибесін зерттеп, жобада шығармашылық көзқарастарын көрсетіп келеді. Әрбір жаңа шешім, жаңа құралдар мен жаттығулар таңғалдырады. Жобаның барлық жұмысы баланың позитивті және бақытты болып өсуіне бағытталған.
Жұмыста мультиматограф қолданылады. Оның көмегімен балалар мультфильмдер кейіпкерлерінің мінез-құлқындағы оң және теріс сәттерді ажыратып, оларды салыстыра отырып, қандай адам болу керек деген қорытынды жасайды. Ертегі кейіпкерлері арқылы балалар өздерін сырттай көре алады. Балаларға азаматтылық, патриотизм және әлеуметтік дұрыс мінез-құлық үлгілері көрсетіледі.
«Мен бақытты баламын» жобасы баланың қоршаған ортаға оң көзқарасын қалыптастырып, оны қоғамда өмір сүруге позитивті бағыттайды.
Хисамова Светлана Викторовна,
Қарағанды қ. КМҚК «Еркетай» балабақшасының директоры