Мемлекеттік қызметшілер сынға түсті
«Жастар» спорт кешенінде мемлекеттік қызметшілердің ХХІІІ спартакиадасы өтті. Жарысқа Қарағанды облысының аудандары мен қалалары әкімдіктерінің қызметкерлері, сондай-ақ олардың құрылымдық бөлімшелері қатысты. Жарыс бағдарламасында төрт спорт түрі болды.
Волейбол ойынында Ақтоғай ауданының спортшылары үздік деп танылды, екінші орында – Қарқаралы ауданының командасы, үшінші орында – Нұра ауданы.
– Мен осы спартакиадаға үшінші рет қатысып отырмын. Екі жыл бұрын Нұра ауданы волейболдан жеңімпаз атанды. Бұл жолы жарысқа ұзақ дайындала алмадық, жұмыстан кейін жаттығып жүрдік. Біздің ауданда сауықтыру кешені салынғаны жақсы болды. Спартакиада – ұжымды достастыруға, әріптестерімен танысуға, спортпен шұғылдануға жақсы мүмкіндік, – дейді Нұра ауданы әкімі аппаратының қызметкері Қозы Байталақов.
Шағын футболдан жарыстарда орындар келесідей бөлінді: бірінші орында – Қарағанды облысы, екінші орында – Балқаш, үшінші орында – Қарағанды.
Үстел теннисінде Абай ауданының спортшылары үздік деп танылып, Қарқаралы ауданы күміс, Приозерск қаласы қола жүлдеге ие болды.
Қарағанды облысының мемлекеттік қызметшілері үздік жүзушілер атанды, екінші орында Саран, Теміртау көшбасшылар үштігін түйіндеді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубокпен, дипломмен және медальмен марапатталды.
Спартакиада қорытындысында Қарағанды облысы құрама командасының үздік екені анықталады. Ол 2023 жылғы 20-25 маусымда Талдықорғанда өтетін мемлекеттік қызметкерлер арасындағы республикалық спартакиадаға қатысады.