Мемлекеттік тіл – менің тілім
Тәуелсіздік күні қарсаңында Жаңа Майқұдық мәдениет үйінде «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты қалалық байқау ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, оны кеңінен насихаттау. Байқауды «Шырақ» тілдерді оқыту орталығы мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімімен бірлесіп өткізді.
«Мемлекеттік тіл – менің тілім» байқауына мектеп пен балабақша педагогтары қатысып, мемлекеттік тілге деген құрметі мен жауапкершілігін айқын көрсетті.
– Байқаудың негізгі мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, оны еркін меңгерген этнос өкілдерін қолдау және ынталандыру. «Мемлекеттік тілді үйрен, оқы, курсқа жазыл» деп үгіттеуден гөрі, тіл үйренуге ниетті жандарға нақты қолдау көрсететін, қызығушылықты арттыратын осындай мазмұнды шараларды жиі ұйымдастырып, оларға басымдық беру маңызды деп санаймын, – деді Қарағанды қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімінің әдіскері Сәуле Нелдібаева.
Байқау талаптарына сәйкес әрбір үміткер алдымен өзін таныстырды. Қатысушылардың мақал-мәтелдерді меңгеру деңгейі сараланып, мемлекеттік тілде құжаттарды рәсімдеу бойынша тапсырмалар орындатылды. Қатысушылардың бірі Светлана Хисамова қазақ тілін он жылдан бері меңгеріп келеді. Оның айтуынша, мемлекеттік тілді білу кәсіби қызметінде үлкен көмек беріп отыр.
– Бұл байқау – мемлекеттік тілді меңгеруге деген қызығушылығымызды арттыратын маңызды мүмкіндік. Өз қабілетімді сынап көру, өзге қатысушылардың тәжірибесімен танысу және қазақ тілін үйренуді одан әрі жалғастыру мақсатында қатыстым. Біз мемлекеттік тілді оқыту курстарына жүйелі түрде қатысамыз. Арнайы тіл оқыту орталықтарының қолдауы біз үшін аса маңызды, себебі жұмыстан қол үзбей-ақ, қызмет барысында және онлайн форматта тілді меңгеруге жағдай жасалған, – дейді «Батыр» бөбекжайының директоры Светлана Хисамова.
Байқау нәтижесі бойынша жүлделі бірінші орын №65 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Надежда Аубакироваға табысталды. Екінші орынға Светлана Хисамова лайық деп танылды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

