Мемлекеттік рәміздер – Мәңгілік Ел мұраты
Мемлекеттік рәміздер күніне орай Қарағандыда өткен патриоттық форумда үш мыңнан астам адам еліміздің басты символдарының бірі – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын хормен шырқады.
Салтанатты шара қала тұрғындары мен облыс қонақтарының, кадеттер мен еріктілердің, студенттер мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен Ту тұғыры алаңында ұйымдастырылды. Форум барысында Мемлекеттік Ту көтеріліп, Әнұран орындалды, ал сахнада отансүйгіштік рухтағы концерттік бағдарлама ұсынылды.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жиналған жұртты мерекемен құттықтап, Рәміздер күнінің маңыздылығына ерекше тоқталды.
«Бүгінде Қазақстанның рәмізі бүкіл әлемде танымал, бұл өз елімізге деген мақтаныш сезімін тудырады, патриоттық сезімді тәрбиелейді. Әрбір азамат өз елінің патриоты ретінде мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауы тиіс», – деді аймақ басшысы.
Мереке аясында қоғам белсенділеріне де құрмет көрсетілді. Қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып жүрген бес ерікті – Аян Құдайбергенов, Анастасия Савенко, Аяжан Орынбек, Ержан Рахметов және Шарлин Калел – облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
– Осындай форумға қатысу – біз үшін қуаныш пен құрмет. Біз қарттар мен мұқтаж жандарға көмек көрсетумен қатар, экологиялық акциялар өткізіп жүрміз, – дейді еріктілер клубының үйлестірушісі, Шахтинск технологиялық колледжінің оқытушысы Анастасия Савенко.
Сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының бес үздік түлегі 100 000 теңге көлеміндегі сертификаттарға ие болды. Олардың қатарында халықаралық жарыстарда ел намысын қорғаған жеңімпаздар бар. Мәселен, Қарағанды техникалық-құрылыс колледжінің түлегі Виктор Репин өнеркәсіптік дизайн бойынша Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өткен халықаралық чемпионатта бас жүлдені жеңіп алған.
«Бұл – одан әрі даму үшін үлкен қолдау. Жеңісті жалғастыру – басты мақсатым», – деді ол өз әсерімен бөлісіп.
Форум аясында «Жас Ұлан» ұйымына жаңа мүшелер қабылданды. 30 мектеп оқушысы ант беріп, көк галстук тағынды.
– Мен осы ұйымның бір бөлігі болғанымды мақтан тұтамын. Бұл үлкен жауапкершілік, – деді 19-шы мектептің оқушысы Әмина Төлеуғали.
Форум соңында «Көк тудың желбірегені» атты патриоттық флешмоб ұйымдастырылып, би ұжымдары халық сүйіп тыңдайтын «Атамекен» әнімен мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Бұл күні облыс аумағында патриоттық акциялар мен челлендждер жалғасып, тұрғындар өз үйлерінің балкондарына мемлекеттік Туды орналастырып, мерекеге ерекше реңк берді.
Мемлекеттік рәміздер күні – Тәуелсіз Қазақстанның тұтастығын, бірегейлігін және халқымыздың жүрегіндегі отансүйгіштік рухты айқындайтын маңызды дата. Бұл күн – өткенге тағзым, болашаққа сенім.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»