Мемлекеттік грант – мол мүмкіндік
Қарағанды қаласында экотағам дәмханасы ашылды. Бірегей жоба әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау мақсатында іске асып отыр.
Арайлым Серікбай әлеуметтік кәсіпкер. Ол білім мен ғылымды ұштастырып, өз кәсібін қолға алды. Алғаш рет ол 2022 жылы қала әкімінің бір жарым миллион теңге грантын ұтып алып, ғылыми зертханалық орталығын ашты. Ал 2024 жылы «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты 3 млн теңгелік грантты иеленді. Осылайша, заманауи инновациялық агротехнологияларды пайдаланды. Таза табиғи өнімдерді өндіретін экотағам дәмханасын іске қосты.
– Білім мен ғылымды ұштастырып, өз кәсібімді аштым. Мақсатымыз – салауатты өмір салтын насихаттау. Дұрыс тамақтану өнімдерін ұсыну. Бұл жердегі экологиялық тағамдар шөптер, біз оларды өзіміздің жылыжайымызда өсіреміз. Әрине, оған арнайы бөлме, технологиялар қажет. Біз соның барлығын жайлап іске асырып жатырмыз, – дейді жас кәсіпкер.
Қазір Қарағанды қаласында әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға көңіл бөлінуде. Ол үшін түрлі грант бөлінеді. Қайтарымсыз гранттарды иеленудің тиісті талаптары бар.
– Қоғамда жалпы кәсіпкерлікке жақсы көңіл бөлініп жатыр. Соның ішінде ерекше қолдауды қажет етіп тұрған сегмент – әлеуметтік кәсіпкерлік саласы. Өйткені, бұл жерде бірінші орында пайда табудан бұрын әлеуметтік саланы дамыту. Түрлі әлеуметтік топты жұмыспен қамту мәелесі тұрады. Яни, жұмыспен қамту мәселесі шешіледі. Бұл көбіне жастарға арналған жобалар. Әлеуметтік кәсіпкер атану үшін оларға белгілі бір талаптар қойылады. Кез-келген жас әлеуметтік кәсіпкер бола алмайды, – деп атап өтті Қарағанды облыстық кәсіпкерлер басқармасы басшысының орынбасары Абзал Рахымбаев.
Айта кету керек, осы жылы Қарағанды облысы әкімінің грантын табыстау үшінші тоқсанға жоспарланып отыр. Түптеп келгенде, мемлекеттің әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдауы халықтың әл-ауқатын көтерумен қатар, экономикаға қосар үлесі зор. Жарқын жобалардың іске асырылуы қала тұрғындарын жұмыспен қамтып, еңбек етуіне көп жағдай жасайды. Бастысы аазаматтар тек еріншектікке салынбауы керек.
Жанбота БЕЙСЕНБАЙ, «QH»