Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру мерзімі ұзартылды
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде бизнесті қолдау және дамыту үшін мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру мерзімі ұзартылды. Президент бекіткен міндеттердің орындалу барысы туралы облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева баяндады.
Пандемия кезінде мемлекет кәсіпкерліктің дамуына айтарлықтай қолдау көрсетті. Бұған дәлел — Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – елдің өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауы. Коронавирустық пандемия басталғалы Үкімет дағдарысқа қарсы шаралардың төрт пакетін әзірледі. Атап айтқанда, еңбекақы төлеу қорын, мүлік салығын төлеуді кейінге қалдыру және босату, несие бойынша төлемдерді кейінге қалдыру, 8%-дық қаражат айналымы, әлеуметтік төлемдер, мемлекетке тиесілі жылжымайтын мүлік объектілерін жалға беруден босату сынды жеңілдіктер қарастырылды.
— Бұдан бөлек, 2020 жылдан бастап микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері табысқа салынатын салықтан үш жылға босатылды. Осы мерзімге тексеріс жүргізуге мораторий енгізілді, — деді Татьяна Аблаева.
Басқарма басшысы елімізде бизнесті қолдау және дамыту үшін бірқатар бағдарламалар бар екенін атап өтті. Кәсіпкерлер арасында, әсіресе пандемия кезінде «Бизнестің жол картасы-2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» ең нәтижелі бағдарламалар болды.
— Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша аталған бағдарламалардың мерзімі 2022 жылға дейін ұзартылды. Осы мақсатта республика бойынша қосымша 1 триллион теңге бөлінеді. 2025 жылға дейінгі ұжымдық қауіпсіздік туралы келісім бойынша кәсіпкерлерге пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және несиелерге кепілдік беру, мемлекеттік гранттар, сондай-ақ, жетіспейтін инженерлік инфрақұрылымды жеткізу ұсынылады, — деп сөзін жалғады Татьяна Аблаева.
Пандемиядан кейінгі дағдарысты еңсеру мақсатында биыл «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасын іске асыруға алғаш рет 9,3 миллиард теңге бөлінді. Бөлінген қаражат, өткен жылмен салыстырғанда, 3,2 есе көп. Бұл қаржыға 2020 жылға қарағанда жеті есе көп жобалар мақұлданып, іске асыру есебінен өңір экономикасына 83 миллиард теңгеден астам сомаға инвестициялар тартылды.
— Үшінші жыл қатарынан жергілікті өндірісті дамытуға бағытталған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы іске қосылды. Жалпы облыс бойынша 44 миллиард теңгеге 185 жоба мақұлданды. Оның ішінде, биылғы жылы 20,4 миллиард теңге несие сомасына 22 жоба субсидия алды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп және 543 миллион теңгеге жеті жоба бойынша кепілдіктер берілді. «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламаларын іске асырудың арқасында облыста биыл 700 жаңа жұмыс орны құрылды, — деп түйіндеді Татьяна Аблаева.
ӨЗ ТІЛШІМІЗДЕН.