Мемлекет басшысы Грекия Республикасының Сыртқы істер министрі Николаос Дендиасты қабылдады
Президент Астанаға ресми сапармен келген Грекияның Сыртқы істер министрі Николаос Дендиасты қабылдады.Кездесу барысында сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға баса мән беріліп, Қазақстан мен Грекия арасындағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды.
Мемлекет басшысы Грекияның Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттер арасында маңызды серіктес елдердің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ екі ел көпжақты алаңдарда өзара тығыз қарым-қатынас жасап келе жатқанын жеткізді.
– Грекиямен арадағы байланыстар біз үшін басымдық саналатынын тағы да атап өткім келеді. Біз өзара ынтымақтастық көрсеткіштерін жаңа деңгейге көтеру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз, – деді Президент.
Өз кезегінде Николаос Дендиас екіжақты және көпжақты ынтымақтастық мәселелері жөнінде пікір алмасуға мүмкіндік бергені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.
– Біз Қазақстанды өңірдегі тұрақтылыққа кепіл болатын Орталық Азиядағы ең ірі және басымдыққа ие ел ретінде қарастыратынымызды атап өткім келеді. Грекия Сіздің еліңізбен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын, – деді министр.
Сонымен қатар олар әңгімелесу барысында халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.