MEDIXGO – үйге медициналық көмектің жаңа форматы
Мейірбике мен фельдшерді үйге шақыруға арналған MEDIXGO атты жаңа медициналық сервис іске қосылды. Қарағандылық мамандар әзірлеген бұл жоба тұрғындарға үй жағдайында кәсіби медициналық қызметті жедел алуға мүмкіндік береді. Қызмет арқылы білікті медицина қызметкерін онлайн түрде шақырып, қажетті ем-шараларды үйден шықпай қабылдауға болады. Қазіргі таңда MEDIXGO сервисті Астана қаласының тұрғындары пайдаланып жатыр. Жоба авторларының айтуынша, жақын уақытта бұл қызмет Қарағанды қаласында да іске қосылып, жергілікті тұрғындар үшін қолжетімді болмақ.
«MEDIXGO» қосымшасы үйден шықпай-ақ қарапайым медициналық қызметтерді алуға мүмкіндік береді. Жобаның негізгі мақсаты – халыққа медициналық қызмет көрсетуді барынша қолжетімді етіп, емханалардағы кезек санын қысқарту. Қосымшаны пайдалану үшін қажетті қызмет түрін таңдап, мекенжайыңызды және өзіңізге ыңғайлы уақытты көрсету жеткілікті.
– Бұл сервис арқылы мейірбике атқаратын укол салу, таңу, катетер қою сияқты және өзге де қарапайым медициналық процедураларды алуға мүмкіндік бар, – деді жобаның негізін қалаушы Олжас Жанбатыров.
Жобаны жүзеге асыру идеясы биылғы жылдың қаңтарында туындаған. Қазіргі уақытта команда Астана қаласында пилоттық форматта қызмет көрсетіп келеді. Бүгінге дейін қосымшаны 160-тан аса қолданушы пайдаланып көрген.
– Мейірбикелер емханалар арқылы таңдалады: ол үшін мамандар сервиске өтінім жолдап, дипломы мен сертификаттарын, сондай-ақ жұмыс орнын растайтын құжаттарын ұсынады. Барлық мәлімет мұқият тексерілген соң ғана мейірбикелерге өтінімдер қабылдауға мүмкіндік беріледі, – дейді Олжас Жанбатыров.
Қосымшада көрсетілетін барлық медициналық қызмет тек дәрігердің нұсқаулығына сәйкес орындалады. Ал MEDIXGO сервисін Қарағанды қаласында іске қосу келесі жылдың алғашқы кезеңіне жоспарланған.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»

