Медициналық сақтандырудың жаңа дәуірі: 2026 жылдан бастап халыққа қандай жеңілдіктер мен міндеттер енгізіледі?

Келер жылдан бастап әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде айтарлықтай өзгерістер орын алады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жарнасы артып, кейбір тегін қызметтер енді сақтандыру пакетіне өтеді. Ал әлеуметтік осал топтардың жарнасын мемлекет жергілікті бюджет есебінен төлейтін болады. Президент қол қойған жаңа заңда қарастырылған жаңашылдықтар халықтың медициналық қызметке тең қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

МӘМС жүйесіндегі жаңа тәртіп

2025 жылғы 14 шілдеде Мемлекет басшысы «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңға енгізілген түзетулерге қол қойды. Жаңа нормалар 2026 жылдан бастап кезең-кезеңімен күшіне енеді. Бұл өзгерістердің басты мақсаты – әлеуметтік тұрғыдан әлжуаз топтарды қорғау.

Бүгінде Қазақстан халқының 82,3%-ы немесе 16,7 миллион адам сақтандыру жүйесіне қатысады. Дегенмен 3,3 миллионнан астам азамат әлі де жүйеден тыс қалып отыр. Оның ішінде 2,4 миллионы – табысы бар, бірақ жарна төлемейтіндер болса, 1 миллионы – табысы аз, әлеуметтік тұрғыда осал азаматтар.

Жаңа тәртіп бойынша осы санаттағы адамдар үшін жарнаны жергілікті бюджет төлейді. Бұл қолдау әсіресе дағдарыстық (D) және шұғыл (E) деңгейдегі тұрғындарға бағытталған. Төлем медициналық көмекке жүгінген сәтте автоматты түрде жүзеге асады. Сондай-ақ ресми тіркелген жұмыссыздардың да жарнасы енді жергілікті қазынадан төленеді.

 

«D» және «E» санаттары қалай анықталады?

Азаматтардың әлеуметтік жағдайы «Цифрлық отбасы картасы» арқылы анықталады. Бұл жүйе түрлі мемлекеттік органдардың деректерін біріктіріп, азаматтың соңғы үш айдағы табысын автоматты түрде тексереді. Осы деректер негізінде адамның «дағдарыстық» немесе «шұғыл» санатына жататыны белгіленеді. Ең бастысы – бұл мәртебені алу үшін ешқандай құжат жинау немесе өтініш жазу қажет емес.

Мұндай тәсіл бюрократиялық кедергілерді азайтып, халықтың әлеуметтік қорғау жүйесіне толық қамтылуын қамтамасыз етеді.

 

Жарна төлеудегі үзіліс кезінде мәртебені сақтау

Жаңа заңға сәйкес, енді кемінде бес жыл қатарынан тұрақты жарна төлеген азамат жарна төлеуді уақытша тоқтатса да, алты айға дейін сақтандырылған мәртебесін сақтап қалады. Бұған дейін бұл мерзім үш аймен шектелетін.

Бұл норма табысынан уақытша айырылған адамдар үшін үлкен көмек. Олар осы кезеңде де медициналық көмек ала алады, тек кейін төленбеген жарнаны өтеу міндетті болып қала береді.

 

Бірыңғай медициналық көмек пакеті

Президент 2024 жылғы Жолдауында денсаулық сақтау қызметтері барлық азамат үшін тең болуы тиіс екенін атап өткен болатын. Осы мақсатта «Бірыңғай медициналық көмек пакеті» 2026 жылдан бастап іске қосылады.

Ең басты жаңалық – онкологиялық скринингтер сақтандыру мәртебесіне қарамастан тегін болады. Бұдан бөлек, әлеуметтік маңызы бар сегіз ауру түріне (туберкулез, АИТВ, гепатит, цирроз, қатерлі ісік, психикалық бұзылыстар, сирек аурулар, инфаркт пен инсульт) кеңес беру мен диагностика тегін жүргізіледі.

2026 жылдан бастап амбулаторлық диализ, созылмалы аурулардың 12 тобы бойынша бақылау мен дәрілік қамтамасыз ету де осы пакетке енеді. Бұл, әсіресе, жүрек, қалқанша безі, бауыр, қан, сүйек-буын және асқорыту жүйесі ауруларымен күресіп жүрген азаматтарға көмек болмақ.

 

Жарна есептеу шегінің өзгеруі

2026 жылдан бастап жарна мен аударымдарды есептеу кезінде табыстың шектік көлемі ескерілетін болады. Жұмыс берушілер үшін – 40 ең төменгі жалақы (ЕТЖ), ал қызметкерлер үшін – 20 ЕТЖ мөлшерінде шектеу енгізіледі.

Бұл шешім бизнеске шамадан тыс салмақ түсірмей, жүйенің қаржылық тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді. Сарапшылардың есебі бойынша, жаңа жүйе жыл сайын қосымша 200 млрд теңге кіріс әкеледі.

 

Мемлекет кімдер үшін жарна төлейді?

Бүгінде мемлекет балалар, зейнеткерлер, көпбалалы аналар, мүгедектігі бар азаматтар, жүкті және босанған әйелдер, ресми тіркелген жұмыссыздар сияқты 15 жеңілдікті санаттағы азаматтардың жарнасын төлейді.

Қазір МӘМС жарнасының мөлшері – 2%. 2027 жылы ол 2,2%-ға, ал 2037 жылға қарай 4,7%-ға дейін кезең-кезеңімен өседі. Бұл қадам медициналық көмектің сапасы мен көлемін арттыруға бағытталған.

 

Өңірлік теңсіздік пен қолжетімділік мәселесі

Қала мен ауыл арасындағы медициналық қызмет сапасындағы айырмашылық та назарда. Егер емханада маман жетіспесе немесе қажетті құрылғы болмаса, пациент басқа медициналық ұйымға жолдама алады.

Ал кезек ұзаққа созылған жағдайда азамат «Пациенттерді қолдау қызметіне» немесе МӘМС қорының ресми арналарына жүгініп, шағым қалдыра алады. Бұл шаралар барлық өңірде медициналық көмекке тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған.

 

Жарна қалай жұмсалады?

МӘМС қаражаты Ұлттық банктегі арнайы шотта сақталады және тек медициналық қызмет көрсетуге жұмсалады. Әрбір азамат өз жарнасының қайда кеткенін msqory.kz, Qoldau 24/7, Telegram @SaqtandyryBot немесе 1414 байланыс орталығы арқылы бақылай алады.

Қажет болған жағдайда азаматтар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының шешіміне сот тәртібімен шағым түсіруге құқылы.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне енгізіліп отырған жаңа ережелер – халықтың денсаулығын қорғауға, әлеуметтік теңсіздікті азайтуға және медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға бағытталған кешенді шаралар.

2026 жылдан бастап әрбір азаматқа көрсетілетін медициналық көмек сапалырақ, ал жүйенің өзі әділ әрі икемді болмақ.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

«QH»