Масаң жүргізушіге — қатаң бақылау

Қазақстанда мас күйінде көлік жүргізуге қатысты бақылау күшейтілді. ҚР Ішкі істер министрлігі масаңдықты анықтау және оның нәтижелерін рәсімдеу тәртібіне жаңа қағидаларды бекітті.

Жаңа тәртіпке сәйкес, әкімшілік құқық бұзушылық құрамына кіретін жағдайларда жүргізушілерді тексеру уәкілетті лауазымды тұлғалардың қатысуымен жүргізіледі. Тексеру жол бойында арнайы құрылғы арқылы немесе медициналық мекемеде өтеді.

Әрбір жіберу рәсімі ресми түрде құжатталып, жүргізуші мен көлік туралы толық мәліметтер, сондай-ақ тексеруге негіздер көрсетіледі. Процестің ашықтығы үшін екі куәгердің қатысуы немесе бүкіл шараның бейнетүсірілімі міндеттеледі.

Егер жүргізуші тексеруден бас тартса, бұл хаттамаға тіркеліп, жауапкершілікке тартуға негіз болады. ІІМ хабарламасында айтылғандай, бұл өзгерістер жол қауіпсіздігін арттыруға және жол қозғалысына қатысушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған.

Медициналық куәландырудың жаңа ережелері 16 қыркүйектен бастап күшіне енді.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»