Мартбек Тоқмырзаны еске алу кеші

Шаһарымызда Халықаралық күлкі күні аясында сатирик, журналист Мартбек Тоқмырзаны еске алуға арналған кеш ұйымдастырылды. Іс-шара фестиваль-байқау форматында өтіп, қатысушылар әзіл сайысы арқылы өз өнерлерін көрсетті.

Қазақтың белгілі қаламгері, сатираның шебері Мартбек Тоқмырза атындағы байқауда әр команда қысқа әзілдер арқылы қоғамдағы өзекті мәселелерді көрсетті. Бас жүлде 400 мың теңге болып белгіленген. Ұйымдастырушылардың айтуынша, дәстүрлі фестивальге қатысушылар саны биыл едәуір артқан.

– Бір жағынан бұл іс-шара Мартбек Тоқмырзаны еске алу кеші ретінде өтеді. Өнерпаз балалар, әсіресе сатираға бейімділер, осы өнерге қатысады деп естідік. Байқау КВН форматы бойынша ұйымдастырылған. Барлығына сәттілік тілейміз, – деді музыка пәнінің мұғалімі Амангелді Серікұлы.

Күлкі мен шығармашылыққа толы кеште жастар білім, әлеуметтік мәселелер, экология және күнделікті өмірдегі қызықты оқиғаларды өз ерекше стилінде паш етті. Жиналған көрермендер көңілді кештің куәсі болды.

– Біздің стильіміз өте ерекше, Қарағандыда оған ұқсасы жоқ. Абсурдтық әзілге сүйенеміз. Өкінішке қарай, өткен жылы фестивальге қатыса алмадық, ал биыл бірінші рет жиналған командамыз ретінде қатысу мүмкіндігі туды, – дейді шараға қатысушы Нұрлыбек Нұрсейіт.

            Күлкі күніне орай өткен облыстық Мартбек Тоқмырза атындағы «Жымиясың сен неге?» дәстүрлі әзілкештер фестиваль-байқауының жеңімпаздары марапатталды. Бас жүлде Мартбек Тоқмырза атындағы кубок Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің «Тіфә-тіфә» әзілкештер тобына берілді, 1-орын «Амазонка» Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық Зерттеу университетіне, 2-орын «Медиа» Қарағанды Медицина университетіне, ал 3-орын «Шоқ қыздар» Бұқар Жырау ауданы, Ақбел ауылының жасөспірімдеріне бұйырды. Жүлделі орынға ілікпеген қатысушыларға 30 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақы және алғысхат табысталды.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»