Құмар ойын – құрдымға кетіреді

Өткен жылы облысымыз бойынша 350 мың лудоман анықталды. Құмар ойындардың құрдымына кетіп жатқандардың саны тек өсуде. Облыс әкімдігінде аталмыш мәселеге қарсы іс-қимыл тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Лудомания — құмар ойындарға потологиялық әуестігі бар адамдардың дерті. Аталған дертке ұшыраған адамның бойында әлеуметтік, кәсіби, материалдық және отбасылық құндылықтар құлдырап, адамгершілік қасиеттері де жойыла бастайды. Құмар ойындар мен бәс тігуге тәуелді адамдардың ішінде бар ақшаларын ұтылған соң таныс-тамырынан қарыз алып, несиеге батып, үйіндегі дүниелерін сатып, тіпті соңында қылмысқа баратындары да бар. Өршіп тұрған дерттің көзін жою мақсатында облысымызда да өткізіліп жатқан іс-шаралар аз емес.

— Былтырғы жылы ҚР премьер министрі елімізде отбасыларда ажырасудың қырық пайызы осы, құмар ойындарға тәуелділігіне байланысты болғандығын атап өткен болатын. Осыған байланысты аталған дерттің алдын алу үшін, елімізде бірқатар шаралар қабылданып жатыр. Өздеріңіз білесіздер биыл, сегізінші шілде күні мемлекет басшысы ойын бизнесі, лоторея қызметі және лудоманияға қатысты заң жобасына қол қойды. Атап айтқанда, құмар ойындарға бәс тігуге қатысуына тыйым салынатын адамдар санаты кеңейтілді. Сонымен қатар бізге мемлекеттік қызметші болғандықтан әдеп кодексіне тиісті өзгерістер енгізілді, — деп атап өтті Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы Бахтияр Макеев.

Десе де спорттық бәсекеге бәс тігіп, рулетка, карта ойнап, лотерея билетін сатып алатындардың бәрі лудоман болып саналмайды. Бірақ дер кезінде тоқтау салмаса, бүкіл өмірінің астаң-кестеңін шығарып басына тоқпақ болып тиюі мүмкін. Соған қарамастан, тәуліктеп букмекерлік кеңселерді торуылдаған жастарға тосқауыл боларлық күштің жоқтығы қынжылтады. Тіпті технологияның дамуымен казиноға бару немесе ойын автоматтарын іздеуге деген сұраныс жоқ. Себебі, қазір телефон арқылы да ақша тігіп тұзаққа түсу оңай.

— Ондай адамдарды емдеу өте қиын. Лудомандар психологтар, психотерапевттерден кеңес алып, дәрі-дәрмекпен емделуі керек. Сондай-ақ, лудомандар арасында суицидке баратындар көп. Суицид-олардың сөзінше проблемаларын тез шешудің тәсілі. Құрдымға кеттім, бәрі бітті, жұмысымда да, отбасымда да абыройым тапталды деген оймен өз-өздерін жейді. Артынан осындай адам сенгісіз әрекетке барады. Өкінішке қарай, бұл белең алып барады, — дейді Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің ғылыми-зерттеу әлеуметтік-психологиялық зертханасының жетекшісі Мәдина Өмірқұлова.

Биылғы жылы Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері 1 букмекерлік кеңсенің, 12 жерасты казиноларының және 3 ойын залының қызметін тіркеді. Қарағанды облысы бойынша Экономикалық тергеу және тексеру департаментінің аға жедел өкілінің айтуынша, заңсыз бизнес иесінен басқа мекеме қызметкерлері де жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

— Бізде мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексіне өзгерістер енгізілген болатын. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшілерге құмар ойындарға баруға шектеу қойылды. Осыған байланысты біз арнайы спикерлерді шақырып, мемлекеттік қызметшілер үшін семинар жиналыс өткіздік. Яғни бүгінгі қоғамның бір дерті болып тұр. Соның алдын алу бойынша және де лудоманияның кесірі қандай, қоғамға қандай кері әсерін тигізіп жатыр, сол бойынша жиын өткіздік. Әдеп жөніндегі уәкілдер қатысты, тиісті ұсыныстар берілді, -деп түйіндеді Бахтияр Макеев.

Бүгінгі таңда түрлі тәуелділікке ұшыраған адамдарға көмектесу үшін бірқатар бағдарламалар жүзеге асырылуда. Мысалға, құмар ойындарға берілмеу үшін, сіз өзіңізді ол жерлерге кіргізуге тыйым салдырып шектей аласыз және өтінімді арнайы форма арқылы рәсімдей аласыз. Департамент қызметкерлері адамдардан жеңіл ақша табуға қызықпауды сұрайды.

ҚАНАҒАТ ЖИЕНҚҰЛОВА,                                  

«QH»