Марғаулар көрмесі

Қарағандыда халықаралық мысықтар көрмесі өтті. Онда түрлі елден әкелінген таңдаулы мысық түрлері көпшілік назарына ұсынылды.

10 жылдан астам уақыт бойы мысық асыраумен айналысып келе жатқан ресейлік Павел Хомич халықаралық мысықтар көрмесіне қатысу үшін Қарағандыға қонаққа келді. Мәскеулік азамат осы жолы өзімен бірге шотландтық мысық әкелген. «Мен үшін бұл үлкен машыққа айналған, тіпті кәсіби мағынаға ие болған хобби», дейді ол.

– Бұл менің хоббиім және жәй емес, кәсіби негіздегі хобби. Қызыққан адамдарға айтарым, мысықтарды өсіру үшін олардың осы салаға байланысты қандай да бір білімі болған жөн. Кем дегенде курстардан үйренгендері болуы керек. Көптеген адам түстің маңызды екенін білмейді. Мысалы, екі ақ мысықты бірге асырауға болмайды. Адамдардың басым көпшілігінің бұдан хабары жоқ және жануарлардың қауіпсіздігі тұрғысынан да ескеретін дүние көп, – дейді көрмеге қатысушы Павел Хомич.

Халықаралық мысықтар көрмесі қаламыздың орталық циркінде өтті. Көрмеге Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстанның мысықтары қойылды. Ұйымдастырушының айтуынша, мұндай шаралар бір жағынан үй жануарларының жұбын табуға, сонымен қатар олардың асыл тұқымын сақтауға көмектеседі. Вера Миронова шоуға өзінің сүйікті highlentfold flat тұқымдас мысығымен қатысып, өз аталымында бірінші орынға ие болды.

– Халықаралық көрме жоғары деңгейде өтті. Халықаралық деуіміздің себебі бізде әртүрлі елдің сарапшылары бар. Әрбір сарапшының белгілі бір мәртебесі бар, онда ол барлық тұқымды бірдей де, жеке де бағалай алады. Бізде барлық Allbrid мамандары бар. Маған осы тұқым өте ұнайды, мен оны басқасына ауыстырмас едім. Олар балаларды өте жақсы көреді. Адамдармен де қарым-қатынасы ерекше, – дейді шараны ұйымдастырушы Вера Миронова.

Мысықтарды бағалау өте қызықты үдеріс. Белгілі бір тұқымның барлық ерекшелігін білу қажет. Новосибирск сарапшысы Ольга Груздьдің айтуынша, әр үй жануарларының өзіндік сипаты бар, және олармен жұмыс істеу өте ерекше сезім сыйлайды. Тіпті қатысушыларды тіркеу кезінде тәжірибемізге байланысты өзара жеңімпаз кім болатынын болжап бәстесеміз, – дейді сарапшы.

– Іріктеу әрқашан стандарт бойынша жүргізіледі. Әрбір мысық тұқымы үшін мұрттың ұшынан, құйрықтың ұшына дейін мысықты сипаттайтын толық стандарт жазылған. Көрмеде мен бірнеше тұқымды бағаладым. Көрме үлкен, сараптама тез өтеді, бірақ мен әр селекционерге мысықтың ерекшеліктерін жеткізгім келеді, – деді мысық тұқымдары бойынша сарапшы Ольга Груздь.

Көрме нәтижелері бойынша қатысушыларға демеушілердің атынан арнайы сыйлықтар табысталды, ал жеңімпаздарға асыл тұқымды мысықтарды өсіру жұмыстарына мүмкіндік беретін сипаттама парақтары мен атақтар берілді.

Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ,                                    

«QH»