Мамыр мерекелері

Қарағанды облысында мамыр мерекелері биыл «Бірлік және ынтымақтастық» ұранымен өтеді. Шара аясында қайырымдылық акциялары, ерлік сабақтары өткізіліп, ардагерлерге құрмет көрсетіледі.

Өңірде су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін қайырымдылық акциялары ұйымдастырылады, ерлік сабақтары, сондай-ақ ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің үйіне барып құрмет көрсету жоспарланып отыр.

– Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күнін мерекелеу барысында ҰОС батыры, бірінші Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов және Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығын мерекелеу аясында өткізілетін іс-шаралар ұйымдастырылады. 7 мамырда қорғаныс-бұқаралық және патриоттық жұмыс айлығын қорытындылаймыз. Сондай-ақ бұл күндері ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлері мен әскери қызметшілерін құрметтейтін облыстық әскери-патриоттық форум және облыстық «Индустриальная Караганда» газетінің жүлделеріне арналған 77-жеңілатлетикалық эстафета өтеді. Білім беру ұйымдарында бейбіт кездері де ерлік көрсеткен әскери қызметшілер, ардагерлер, қатардағы азаматтар шақырылып, ерлік сабақтары өтеді, – деді Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов аппараттық кеңесте.

Әскери бөлімдер мен гарнизондарда оқушылар мен болашақ сарбаздар үшін әскери қызметпен танысуға мүмкіндік беретін Ашық есік күндері болады.

Тоғызыншы мамырда дәстүрге орай Мәңгілік алау алдына гүл шоқтарын қою рәсімі, сондай-ақ ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін үйлеріне барып құрметтеу рәсімі өтеді. Бүгінгі таңда облыста Ұлы Отан соғысына қатысқан 11 ардагер қалды. Жеңіс күні қарсаңында олар 2 миллион теңге көлемінде біржолғы төлем алады. Сондай-ақ ҰОС ардагерлері мен мүгедектеріне теңестірілген адамдарға 50-ден 200 мың теңгеге дейінгі біржолғы материалдық төлем көзделген.

– Жеңіс күні – біз үшін ерекше маңызды мереке. Облыста барлығы 11 ҰОС ардагері бар. Олардың ешқайсысы назардан тыс қалмауы керек және оларды құттықтауымыз керек. Сонымен қатар алдағы мамыр мерекелері жалпыұлттық күн тәртібіне сай және жүйелі сипатта болуы, қажетсіз сән-салтанат пен ысырапшылдықсыз өтуі тиіс. Әскери-патриоттық іс-шараларға Ауған соғысының ардагерлерін және тәжік-ауған шекарасындағы іс-қимыл ардагерлерін қосу қажет, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекбаев.

Облыс орталығы Жеңіс күнін қалай атап өтетіні туралы Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Қожухов айтты:

– 7 Мамырда Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есепшотына қалалық бюджеттен 2 млн теңге аударылады. Сондай-ақ соғыс ардагерлеріне теңестірілген 1 529 адам 100-ден 200 мың теңгеге дейін алады. Біржолғы көмек түрінде барлығы 168 миллион теңге төленеді. Қалалық кәсіпкерлер түрлі санаттағы 700 адамға қайырымдылық көмек көрсетеді. Қайырымдылық дастарқаны мен азық-түлік қоржындары әзірленеді. Бұл көмек Конституция күні тағы көрсетіледі.

9 Мамыр – Жеңіс күні «Мәңгілік алау» мемориалына гүл қою рәсімі өтіп, қаланың Орталық саябағында Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінің «Жеңіс жаңғырығы» атты мерекелік концерті ұйымдастырылады. Сондай-ақ Сұрыптау елді мекенінде орнатылған Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарды еске алу тақтасына және Нүркен Әбдіров ескерткішінің жанына гүл шоқтары қойылады.

3 мамырда Жеңіс күніне орай Кеншілер мәдениет сарайында «Ардагерлер ән салады» облыстық хор ұжымдарының фестивалі өтеді. Облыстың мәдениет ұйымдарында Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестік ансамбльдері мен солистерінің концерттері өтеді.

Сондай-ақ Жеңіс күні С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ театрында Кеңес Одағының Батыры Нүркен Әбдіровке арналған «Қыран қазақ» спектаклі қойылады. Басқа театрларда да спектакльдер мен мерекелік бағдарламалар жоспарланған. «Сарыжайлау» кинотеатрында көркем және деректі тақырыптық фильмдер көрсетіледі.

Еріктілер мен жастар ұйымдарының желісі «Ардагерлерге тағзым» қайырымдылық акциясын ұйымдастырады. Сонымен қатар дәстүрлі түрде онлайн форматта «Ер есімі ел есінде» акциясы өтеді.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,«QH»