Мамандыққа адал бол!
ІІМ Қарағанды академиясында 1 курс курсанттары ант қабылдауының салтанатты рәсімі өтті.
Салтанатты шара Бәрімбек Бейсенов ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Одан әрі ант қабылдау рәсімі өтті: ІІМ Қарағанды академиясының жаңадан толықтырылған курсанттары өз халқына және таңдаған мамандығына адал болуға ант берді. Академия бастығы Санжар Әділов 1 курс студенттеріне еңбекқорлықтың маңыздылығын түсіндіре отырып, ІІМ Қарағанды академиясының курсанты атағын абыроймен алып жүруді тіледі. Осы маусымнан бастап жиналған жалынды жастар Ішкі Істер Министрлігінің Қарағанды Академиясының курсанты атанады. Ордалы оқу орнына түсіп, жаңа маман иесі атанып, бала армандарына үлкен қадам жасайды. Курсанттар маман ретіндегі алғашқы білім мен біліктілік жолына саналы түрде дайындалды. Өйткені, олардың алдағы атқаратын жұмысы – өз халқының игілігіне бағытталған мардымды міндеттен құралған.
– Биыл 1 курсты қабылдадық. Ант қабылдау рәсімі өтті. Алдағы уақытта бұл курсанттарымыз академиямызды аман-есен бітіріп, оқу ордамыздың атын жақсы жағынан асқақтатып, еліміздің абыройын асқақтататын білім иесі болады деп сенім артамын, – деп атап өтті оқу-саптық бөлімшесінің бастығы Нұркен Жаныбеков.
Бұл күн тек студенттер ғана емес, олардың ата-аналары мен туыстары үшін де өте маңызды күн. Келген қонақтар балаларына қолдау білдіріп, жүрекжарды жылы лебіздерін жаудырды.
– Осы жерде Бекжан Ақыбаев деген немерем ант қабылдап жатыр. Біз оны қолдап арнайы келдік. Барша білім алушыларға ұзақ ғұмыр тілейміз, бәрі оқуын ойдағыдай аяқтап, бір-бір жақсы маман болсын. Отанымыз тыныш, аспанымыз ашық болсын! – дейді қала тұрғыны Думан Ақыбаев.
ІІМ академиясының басшылығы мен ата-аналар қауымы ант қабылдаған жас талапкерлердің болашағынан зор үміт күтеді.
Жұпар ТОНТАЙТЕГІ, «QH»