Мамандар жастарды киберқылмысқа қарсы сақтыққа шақырды
Қарағанды облысында жыл басынан бері алаяқтардың әрекетінен тұрғындар 4 миллиардтан астам теңгесінен айырылған. Бұл дерек мамандардың студенттермен өткізген кездесуі барысында айтылды. «Заң және тәртіп» идеологиясын іске асыру шеңберінде жастарға алаяқтықтың түрлі әдістерін түсіндіріп, олардың құрбаны болмас үшін сақтық шараларын күшейту қажеттігі ескертілді.
Қарағанды экономикалық университетінің базасында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Қарағанды облыстық прокуратурасының кездесуі өтті. Шара барысында студенттерге қаржылай сауаттылық пен алаяқтықтан сақтану мәселелері түсіндірілді. Оған Қарағанды облыстық полиция департаменті мен экономикалық тергеу департаментінің өкілдері де қатысты. Сонымен қатар, пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар онлайн түрде қосылып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
– Мемлекет басшысының жолдауына сәйкес, «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында біз Қарағанды облысы университеттерінде кездесулер өткізіп, студенттерге алаяқтықтан сақтанудың жолдарын түсіндіреміз. Қазір алаяқтар қанша тосқауыл қойылса да, түрлі әдіске барып, адамдарды алдауда. Әсіресе, кредитке батырып, үлкен сомаларды иемдену әрекеттері жиі кездеседі. Осы мәселелерді насихаттауға көп көңіл бөлеміз, – деді Қарағанды облыстық прокуратурасының аға прокуроры Айгүл Әлсенова.
Полиция департаментінің дерегінше, жыл басынан бері облыс тұрғындары алаяқтардың құрбаны болып, 4 миллиардтан астам қаржысын жоғалтқан.
– Қазіргі жастардың бірқатары әдемі өмір сүрудің оңай жолы – алаяқтық жасау, ұрлау немесе тонау деп ойлайды. Алайда жеңіл жолмен табылған ақша ешқашан жақсылыққа апармайды. Біреудің құқығын таптап, заңды бұзум – өзіңнің жас шағыңды құрту. Сондықтан, жастар қауымы абай болыңыздар: ешкімге алданбаңыздар, ешкімді алдамаңыздар және адал еңбек етіп өмір сүріңіздер, – дейді Айгүл Әлсенова.
«Заң мен тәртіп» бағытындағы алдын алу жұмыстары алдағы уақытта да үздіксіз жалғасын табады.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

