Маман тапшылығы

Блогерлер мен коучтардың қарасы көп. Ал нақты жұмыс істейтін адам аз. Қазақстан кәсіпорындарында қиын жағдай қалыптасты. Барлық салада мамандар жетіспейді. Бұрын адамдар жұмыс іздесе, қазір жұмыс адамдарды іздейтін жағдайға жетті. Жастар неге жұмыс істегісі келмейді және жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру үшін мемлекет не істеп жатыр?

Дархан Біләлов – тау-кен-тасымалдау жабдықтарын жөндейтін зауытта 15 жыл жұмыс істеп, кәсібін жетік меңгерген маман. Алайда, өндірісте жаңа қызметкерлерді оқыту үдерісінің ұзақтығы мен сапалы кадр тапшылығы оны колледжге сабақ беруге итермеледі. Тіпті жалақысы төмен болса да, жас ұрпаққа білім беруді өзіне парыз санаған өндірістік оқыту шебері мамандар жетіспеушілігіне жүрегі ауыратынын айтады. Бүгінде еліміздегі техникалық колледждер заманауи жабдықтармен қамтылуда. Қарағанды техникалық-құрылыс колледжінде жаңа станоктар мен технологиялар бар, ал серіктестер шығын материалдарымен көмек көрсетуде. Бұл студенттердің сапалы білім алуына мүмкіндік береді. Колледжге өз еркімен дәнекерлеуші мамандығын таңдаған жастардың айтуынша, бұл саладағы жұмыс тұрақты және жоғары табысты қамтамасыз ете алады.

– Дәнекерлеуді ұнатамын. Болашақта осы мамандық бойынша жұмыс істеп, жақсы табысқа жеткім келеді. 8-9 жасымнан бастап дәнекерлеуші болуды армандадым. Егер төртінші разрядты алсам, 500-600 мың теңге табуға мүмкіндік бар, – дейді студент Богдан Дубровский.

– Маған физикалық еңбек ұнайды. Компьютер алдында отырғаннан гөрі бәрін өз қолыммен жасағым келеді. Бұл мамандық сұранысқа ие. Салада мамандар аз болғандықтан, осы бағытта оқуды жөн көрдім, – деді тағы бір  студент Максим Шпак.

Қарағанды техникалық-құрылыс колледжінің басшылығы студенттердің өндірістік тәжірибе кезінде қарапайым жұмыстарды атқарған күннің өзінде оларға жалақы төленетінін айтады. Кейіннен студенттер сол кәсіпорындарға жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады. Қазіргі таңда елімізде аймақтық қажеттіліктерге сәйкес мамандықтарға бағытталған колледж кластерлері құрылуда. Мемлекет жұмысшы мамандықтарға сұранысты арттыру мақсатында гранттардың санын 10 мыңға ұлғайтып, 9 сынып негізінде колледждерде оқуды толықтай тегін етті. Соған қарамастан, студенттердің саны жеткіліксіз. Колледж басшылығы ата-аналарға балаларын жастайынан еңбекке баулуды ұсынады. Қарапайым үй шаруасына үйренген бала болашақта физикалық еңбекке қызығушылық танытып, өз қолымен пайдалы істер жасауды ұнатуы мүмкін. Осындай бағыт-бағдардың арқасында елімізде кәсіби мамандар тапшылығының орнын толтыруға қадам жасалып, өндіріс саласының дамуына үлес қосатын жаңа буын қалыптасатынына үміт зор.

Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,                                   

«QH»