Майқұдықта мешіт салынады

Хадистердің бірінде: «Кімдекім кекілік ұясындай болса да мешіт салса, Алла Тағала жаннатта оған үй салады», — делінген екен. Жаннаттық болуға ниет еткен көптің көп тілегінің бірі қабыл болғандай. Қарағандыдағы «Шығыс-3» мөлтекауданында тағы да бір Алла үйі бой көтереді.

Майқұдықтағы жалғыз мешіт — кезіндегі кинотеатр. Дайын ғимараттан бейімделіп жасала салғандықтан «Бала қажы» мешітінің Майқұдық халқы үшін қолайсыз әрі тарлық ететіні — он жылдан бері айтылып келе жатқан өзекті мәселе. Оның үстіне, жылданжылға аудан халқының саны артып, соған орай құлшылық етер жамағаттың да көбейгені аңғарылды. Жұма намаздарында, Айт мейрамы уақытында мешітке сыймаған жамағат тіпті қар үстіне отырып мінажат етуге мәжбүр болатын. Сондықтан тұрғындар сұранысына сай арнайы мешіт тұрғызу мақұлданды. Сәуір айында сауапты істің сәті түсіп, құрылыс жұмыстары басталды. Мешіттің бой көтеруіне ниетті жамағат, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен «ASYL IRGE» қоғамдық қоры мұрындық болып, демеушілерден қаржы көздері қарастырылған.

Жаңа мешіттің жалпы сыйымдылығы 900 адамға шақталған. Ерлер мен әйел адамдарға арналған жеке-жеке намазханасы, дәретхана және арнайы жасақталған 216 шаршы метрлік асханасы болады деп жоспарлануда. Мешіт екі қабатты болады. Жоспар бойынша, Алла үйінің құрылыс жұмыстары екі жылға созылмақ.

Ал 15 жылдан бері жаңартылып көрмеген қазіргі «Бала қажы» мешіті бүгінде күрделі жөндеуге зәру халде. Сондықтан мұнда ішкі және сыртқы жөндеу жұмыстары жанданды. Мешіт сырты әдемі әрленген плиталармен көмкеріліп, көз тартарлықтай өзгереді деп күтілуде. Күмбезі де жөнделеді. Ішіне жылы еден төселіп, жамағатқа жайлы жағдай жасалмақ. Ал сыртқы көркемдеу, көркейту жұмыстарына 1,5-2 ай уақыт кетеді деп болжануда.

Жалпы, бүгінгі таңда Қарағандыда сегіз мешіт қызмет көрсетуде. Оның ішінде үшеуі — заманауи бейімделіп жасақталған мешіт. Қалған бесеуі — арнайы салынған мешіт. Жұма намазы, Айт намазы, тарауық намазына келетін жұрт легінің тым көптігінен қай мешіт болмасын тарлық етіп жатады. Бұл — имандылыққа бет бұрған жанның көбейіп жатқанына дәлел. Сол себепті біздің шаһарда Алла үйлерінің құрылысы жалғаса бермек. Қасиетті Рамазан айында Алланың ризалығы үшін сауапты іс қылам дейтін жамағат болса, қаржылай қолдау көрсетуге болады. Шариғатта Алла үйін салуға инедей болса да сауабын тигізген жанның ниеті мешітті өзі салғандай болып теңестіріледі екен. Ендеше сауапты амал қылып, шарапатты істің шапағатты нұрына малынайық.

Әсел СӘБИТОВА, «QH»