Маңызды қадам

Ел үшін маңызы бар әрбір қадамды халықтың қолдауына сүйеніп жасау қажет. Атом электр станцияларына қатысты референдумда дәл солай болуы керек, деді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Биылғы жылдың 6 қазаны АЭС құрылысы бойынша жалпыхалықтық референдум күні деп жарияланғаны мәлім.

Мемлекет басшысы атом энергетикасына қатысты мәселені «жаһандық энергия тапшылығымен» және Қазақстанның «сенімді және таза энергия көздеріне» шұғыл қажеттілігімен байланыстырды. Қазақстан үкіметі болашақта атом электр станцияларын салуды қарастырып жатқаны нақтыланды. Бұл үшін Қазақстанның барлық мүмкіндігі бар, дейді Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің бас директоры Рафаэль Гросси.

— Айта кетейік, сіздерде атомдық бағдарламаны бастаған басқа елдерге қарағанда тәжірибе көп. Сіздің елдің тарихи тұрғыда бұған қатысы болды. Ал бүгінде Қазақстанда төмен байытылған уран қоры жұмыс істейді, оны нарық қажет болған жағдайда немесе уран жеткізілімдері жетіспеген жағдайда пайдалануға болады. Тұтастай алғанда, бұл шешім қабылданған жағдайда Қазақстан өз тәжірибесінен пайда көре алады. Бұл тәжірибе процестің басқа елдерге қарағанда бірқалыпты және жылдам өтуін қамтамасыз ету үшін қажет,- деп атап өтті Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің бас директоры Рафаэль Гросси.

Қарағанды ​​облысының қоғам өкілдері референдумды «тыңдаушы мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырудың үлгісі болатын «ауқымды ұлттық диалог» ретінде қолдап отыр.

— Бұл жолдауда атом электр станциясына қатысты референдум өтетіні айтулы мәселелердің бірі болды. Біз, елімізде энергия тапшылығы айтарлықтай туындап отырғанына да алаңдаймыз. Бұл ретте, әрине, әрқайсымызды жұмыстың қаншалықты қауіпсіз, кімнің күшімен және қалай жүргізілетіні алаңдатады, -дейді Облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Айжан Қиясова.

— Біз бұл референдум күнін күткен едік. Құрылыс туралы жалпы талқылау аяқталды. Пікірлер айтылды. Енді референдум АЭС құрылысына қатысты мәселеге нақты нүкте қояды. Бұл біз үшін маңызды іс және ол референдумға барлығы қатысуы керек, деп ойлаймын, — деді медицина ғылымдарының докторы, профессор Вилен Молотов-Лучанский.

Атом электр станцияларын салуға қолайлы учаскелердің қатарында Балқаш көлінің жағасы, Ертістегі Курчатов қаласы және Батыс Қазақстанда бұрынғы станция орны қарастырылып отыр.

АЙДЫН ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ, «QH»