Мүмкіндігі шектеулі жандарға – тең мүмкіндік

Қарағандыдағы бос жұмыс орындар жәрмеңкесінде мүгедектігі бар 100-ден астам тұрғынға қаланың 28 кәсіпорнынан 500-ден астам жұмыс орны ұсынылды. Кәсіптік оқыту және жұмысқа орналастыру мәселелері басты назарға алынды. Оның ішінде, «Күміс жас», «Әлеуметтік жұмыс орны», «Қоғамдық жұмыстар» және квоталанатын жұмыс орындары бағыттары бойынша кеңес берілді.

Мүгедектігі бар адамдарға арналған жұмыс орындарының жәрмеңкесін «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында еңбек ұтқырлығы орталығы AMANAT партиясының облыстық филиалымен және Ten Qogam мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығымен бірлесіп ұйымдастырды.

– Мүгедектерге арналған бос жұмыс орындар жәрмеңкелері еңбек нарығында инклюзивтілік пен теңдікті қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Олар жұмыс берушілер мен мүмкіндігі шектеулі жұмыс іздеушілер үшін бетпе-бет кездесуге мол мүмкіндік береді. Кей кездері бос жұмыс орындары жайлы мағлұматтар мүгедектерге толыққанды жетпей қалатыны жасырын емес. Сондықтан мұндай шаралар мүмкіндігі шектеулі жандар үшін аса қажет. Мемлекет тарапынан мүмкіндігі шектеулі жандарға көптеген қолдаулар көрсетіліп жатыр. Ақпарат алмасуға және ынтымақтастықтың ықтимал әлеуетін талқылауға мүмкіндік туғызады, – деп есептейді AMANAT партиясы жанындағы республикалық инклюзиялар кеңесінің мүшесі, «Кедергісіз келешек» партиялық жобасының амбассадоры Нияз Сүндетәлиев.

Бұл бос жұмыс орындар жәрмеңкесі әсте маңызды. Шара Қарағанды облыстық еңбек мобильділігі орталығының қолдауымен ұйымдастырылды. Бүгінгі күні 28 жұмыс беруші бұл алаңда бас қосып, мүмкіндігі шектеулі жандарға өз жұмыстарын ұсынды. Жалпы жәрмеңке республика бойынша AMANAT партиясының филиалдарында қала мен өңірлерінде кең көлемде жалғасып жатыр. Өйткені, аталған шара республикалық желілік кестеге енгізілген. AMANAT партиясы игі шараларды ұтымды ұйымдастырады. Соның бір айқын дәлелі ретінде «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы шеңберіндегі бос жұмыс орындар жәрмеңкесін анық айтуға болады.

– Мүмкіндігі шектеулі жандардың əлеуметтік бейімделуі жəне жұмысқа орналасу мəселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Ол – «кедергісіз ортаны» қалыптастыру. «Кедергісіз ортаның» болуы мұндай жандар үшін аса маңызды. Мүгедектігі бар адамдарға мұндай жәрмеңкелер жұмыс іздеуде жиі кездесетін кедергілерді жеңуге көмектеседі, – дейді AMANAT партиясы Қарағанды облыстық филиалы саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі Нұрсұлтан Шәменов.

Балкерім Дербісалдина 29 жаста. Оның негізгі мамандығы аспазшы-кондитер. Бойжеткеннің жұмыс іздеп жүргеніне 3 айдан асыпты. Мүгедектігі бар адамдарға арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі аясында ол Қарағанды қаласындағы мекемелердің біріне есептегіш-контроллер болып жұмысқа орналасты.

– «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы мен ұйымдастырушыларға айтар алғысым шексіз. Алысқа сабылмай жақын жерден еңбекке тартылдым.  Осындай шаралар жиі өтіп тұрса, нұр үстіне нұр болар еді. Мамандарға маған көп пайдалы кеңестер мен  молынан  мәліметтер берді.  Шараның шарапатына кенелгеніме шексіз ризамын, – дейді Белкерім.

Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Айталық, 2015 жылы Қазақстан БҰҰ-ның мүгедектігі бар адамдардың құқықтары жөніндегі Конвенциясын ратификациялап, мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты экономикалық, азаматтық, әлеуметтік және мәдени құқықтарын толық іске асыру бойынша міндеттемелерді орындауды өз мойнына алды. Қабылданған шаралардың негізгі мақсаты – мүгедектігі бар адамдардың қоғаммен етене араласуына және оларға кедергісіз орта қалыптастыруға жағдай жасау.

– Бұл жәрмеңкеде бүгінгі таңда Қарағанды облысы бойынша 28 мекеме қатысып жатыр. Бұл жерде мүгедектігі бар адамдарға квотамен қосылған мекемелер де бар. Мүмкіндігі шектеулі жандарға 500-ден астам жұмыс орындары ұсынылды. Мүмкіндігі шектеулі жандар IT-технология бойынша оқуға да  болады. Онлайн және офлайн форматта жүргізіледі. Jumys tap жобасы бойынша адамдар шақырылған болатын. Дәл осындай жәрмеңке адам көп шоғырланған жерлерде ай сайын өткізіледі. Ал кейбір өңір мен қалада тоқсан сайын жалғасын табады, – деп атап өтті Қарағанды облыстық еңбек мобильділігі орталығыны директоры Нұржан Сыздықов.

Күнделікті өмір тіршілігімізде, көшеде, қоғамдық көлікте, мерекелік шараларда, театрлар мен стадиондарда, басқа да орындарда мүгедектердің көптеп кездесуі – оларға қаншалықты кедергісіз орта қалыптастыра алғанымыздың көрінісі. Бір сөзбен айтқанда, мүгедек жандардың үйде отырмай, елмен еркін араласуына, еркін қызмет алуына жағдай жасау – баршамыздың қоғам алдындағы міндетіміз.

Жанбота БЕЙСЕМБАЙ, «QH»