МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАНДАРҒА – ТЕҢ МҮМКІНДІК

Қарағанды облысында мүмкіндігі шектеулі 800-ден астам жан еңбекке тартылды.

Өңірде мүгедектігі бар адамдардың жұмысқа орналасу мүмкіндігі молайды. Аппараттық жиналыста Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекбаев биыл қолдауға мұқтаж мыңға жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуді қадап тапсырды. Межеленген мақсатқа қол жеткізу үшін жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бұл бағытта мемлекеттік бағдарламалардың тиісті тиімді тетіктері қолданылады. Жаңа жобаларды іске асыру көзделіп отыр.

«Әлеуметтік көмек әлеуетті етпек» демекші, аппараттық жиналыста мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік тұрғыдан қолдау шараларының оңтайлы жолдары ортаға салынды. Ерекше жаратылған жандарды еңбекке тарту бағытындағы ілкімді істердің ілгерілеп жатқанын айтты аймақ басшысына Қарағанды облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүнісбекова:

– Сіздің тапсырмаңыз бойынша барлық қалалар мен аудандарда мүгедектігі бар адамдардың жұмысқа орналасу жағдайына талдау жасалды. Бүгінгі таңда жұмыспен қамту шараларымен 817 адам қамтылды. Оның 604-і бос жұмыс орындарына, субсидияланатын және әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылды.

Айталық, «Күміс жас» жобасымен 92 мүгедек адам жұмысқа орналасыпты. Тағы 7-еуіне «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында көмек көрсетілді. Мемлекеттің қолдауымен жеке кәсіпорындарда көру және есту қабілеті бұзылған қызметкерлер үшін 8 арнайы жұмыс орны құрылыпты.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға өз ісін ашуға да барынша қолдау көрсетіліп жатыр. Мәселен, «Бастау Бизнес» жобасы арқылы бизнес негіздері оқытылады. Артынша гранттар мен жеңілдетілген несиелерге еш кедергісіз қол жеткізе алады.

Аймағымызда жаңа жобалар да құлашын кең сермеді.

– Мүмкіндігі шектеулі жандар және оларға қамқорлық жасайтындар кейіннен жұмысқа орналастырылады. Әрі оларға цифрлық кәсіптер тегін оқытылады. Жарты жылдық курстар «Террикон алқабы» базасында ұйымдастырылған. Сабақтарды халықаралық технопарктердің сертификатталған мамандары өткізеді. Қарағандының IT компанияларында тағылымдама қарастырылған. Бүгінде өтінім қабылданып жатыр. Бірінші ағымға 100 адам тарту жоспарланып отыр. Сонымен қатар осыдан бір апта бұрын есігін айқара ашқан «ИНВА СТО» белсенді жұмыс істеуде. 25 өтінім қабылданып, 18 кресло-арба жөнделді. Бұл да – мүгедектерді жұмысқа орналастырудың бірден-бір амалы, – дейді Әсем Жүнісбекова.

Аппараттық кеңесте инватакси мәселесі де талданып-таразыланды. Аталған қызмет түрі аймақтың күллі қалалары мен аудандарында жұмыс істейді. Оңалту құралдарымен қамтамасыз ету, шипажай-курорттық емдеуге жіберу жайы жан-жақты қаузалды. Өңір басшысы Ермағамбет Бөлекбаев мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдауға бюджеттен ақша бөлінгенін, қызмет көрсету сапасын қамтамасыз ету қажеттігін алға тартты.

– Жұмысқа орналастыру бағытындағы жұмысты күшейту қажет. Мүгедектігі бар адамдарға бейімделген және мүмкіндігінше тұрақты жұмыс орындарын құру керек. Біз барлық мүмкіндікті пайдалануымыз, кәсіпкерлік бастамаларды қолдауымыз қажет, – деп атап өтті өңір басшысы.

Мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік бейімдеу орталықтары Қарағанды, Балқаш және Абай қалаларында жүйелі жұмыс істейді. Қарағанды облысының әкімі жыл соңына дейін Теміртау, Саран және Шахтинск қалаларында осындай ұйымдар жасақтауды тапсырды.

Жанбота БЕЙСЕНБАЙ, «QH»