МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАНДАРҒА – ТЕҢ МҮМКІНДІК
Биыл Қарағанды облысында мүмкіндігі шектеулі жандар үшін 26 арнайы жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Бұл бастаманы қолдаған жұмыс беруші мекемелерге мемлекеттік бағдарлама аясында субсидия беріледі.
Мемлекеттік бағдарламаның арқасында мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа қабылдаған мекемелерге субсидия төленеді. Өткен жылы 12 арнайы еңбек орны ашылған болса, биыл мұндай мүмкіндік екі есе көбейетінін айтып отыр Қарағанды облысы бойынша еңбек мобильділігі орталығының директоры Нұржан Сыздықов.
– 2024 жылы Қарағанды облысында мүмкіндігі шектеулі жандар үшін 26 арнайы жұмыс орны жоспарланған. Бүгінгі таңда жұмыс берушілер 10 өтініш берді. Қазірдің өзінде 8 адам жұмысқа қабылданды. Бұл – көру және есту қабілеті бұзылған адамдар. Бағдарламаға қалалар да, аудандар да қатысады. Әр түрлі сала бар: өндіріс, қызмет көрсету, білім беру орталықтары.
Жұмыс берушіге жабдық сатып алу және орнату шығындары өтеледі. Мүмкіндігі шектеулі жандар жалақысының да бір бөлігін мемлекет өз мойнына алады. Субсидия үш жыл бойы ай сайын төленеді. Бірінші жылы жалақының 70%-ы, екінші жылы 5% аз, ал үшінші жылы 10% болмақ. Теміртаудағы кәсіпорындардың бірінде мүмкіндігі шектеулі жандардың еңбек ету жағдайлары басты назарға алынды. Шынымен де, қазіргі қоғамда еңбек етуге ешкімге шектеу жоқ. Өйткені тұрақты жұмыс – түзу тұрмыс негізі. Ісі ірі кәсіпкер Сара Лещанова мүмкіндігі шектеулі бірқатар жанды жұмыспен қамтып отыр.
– Біз мұндай бағдарламаға қатысып мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектескенімізге қуаныштымыз. Мансап орталығына өтініш бердік, ол мақұлданды. Барлығын ыңғайлы әрі қауіпсіз ету үшін жағдай жасап, арнайы жұмыс орындарын жабдықтадық. Көзі нашар көретіндер үшін арнайы бағдарламасы бар жаңа компьютер сатып алдық. Жұмыс орнын қосымша жарықтандырдық та, – дейді кәсіпкер Сара Лещанова.
Ал жиһаз жасау цехына екі адам еңбекке тартылды. Бірінің есту қабілеті нашар, жиһаз даярлаушы болып жұмыс істейді. Тағы біреуінің көру қабілеті төмен, дизайнер болып жұмысқа алынған. Солардың бірі – дизайнер Дмитрий Калинкин.
– Зейнетке шығуыма әлі 10 жыл бар. Менің білімім техникалық. Денсаулығыма байланысты бұрынғы жұмысымнан айырылдым. Мансап орталығына хабарластым, олар маған мүмкіндіктер туралы айтып, орын ұсынды. Бұрын дизайнмен айналыспадым. Бұл – мен үшін жаңалық. Бірақ барлығына көмектесті, жағдай жасады.
Кәсіпорын директорының айтуынша, мекеме бұл бағдарламаға қатысуға әзір. Олар көру мүмкіндігі шектеулі тағы бір қызметкерге орын дайындамақ. Сондай-ақ «Күміс жас» бағдарламасына қатысу арқылы зейнет жасындағы адамдардың жұмыс істеуіне көмектеседі.
Мемлекет тарапынан халықты әлеуметтік қолдауға арналған бағдарламалар мүмкіндігі шектеулі жандарға да тиесілі. Өңірімізде бұл тұрғыда жүйелі жұмыстар атқарылуда. Мүмкіндігі шектеулі жандардың еңбек етуге деген құлшынысы аса зор. Дегенмен жеке кәсіп ашып, еңбегімен табыс тауып жүрген мүмкіндігі шектеулі жандардың қатары көбеюде. Өйткені олар қоғамға масыл болғысы келмейді. Сол себепті қолдарынан келген кез келген жұмыстан қашпайды. Жұмысты үлкен жауапкершілікпен атқарады.
Жанбота БЕЙСЕНБАЙ,«QH»