Мүлік иелері бірлестігіне өту тиімді ме?

Күні бүгінге дейін пәтер иелері кооперативінің жұмысы көпшіліктің көңілінен шыға қоймағаны рас. Қыс түссе – жылудың жыры басталады, жаңбыр жауса – шатырдан су кетеді. Тұрғындар ақшасын ай сайын төлегенмен, лайықты қызмет ала алмай келеді. Осыған орай 2020 жылы елімізде тиісті заң қабылданып, көпқабатты тұрғын үйлерді басқару ережелеріне өзгерістер енгізілген болатын.

Енді кооперативтердің орнын мүлік иелерінің бірлестігі алмастырады. Бұл тәжірибе озық елдердің көбінде бар. Мүлік иелері бірлестігінің артықшылығы – тұрғындар жиналған қаржының қайда жұмсалғанын қадағалай алады. Қандай жұмыс атқару қажеттігін де өзара ақылдасып шешеді. Мәселен, бірер жыл бұрын ғана қолданысқа берілген жаңа үйдің техникалық жағдайы жақсы делік. Бірақ соған қарамастан тұрғындар ай сайын ақша төлейді. Ал ол қаражат пәтер иелерінің кооперативіне қарайтын өзге бір ескі үйді жөндеуге жұмсалып келді. Бұдан былай ондай әділетсіздікке жол берілмейді. Қаржы есепшотта жиналып, тек керек кезде ғана жұмсалады. «Бір үй – бір бірлестік – бір есепшот» жүйесі болады. Ол үшін тұрғындар әуелі өз араларынан белсенді азаматтың бірін басқарушы етіп сайлап бірлестік құрады. Оның міндеті – ай сайын жиналатын ақшаны тиімді жұмсау, үйдің жалпы техникалық жағдайын қадағалап отыру. Бірнеше жұмыскер ұстап жалақы тағайындаудың қажеті жоқ. Керек болған жағдайда жалдап, тек атқарылған жұмысқа ғана ақы төленеді. Тұрғындар тарапынан берілген сенімхат арқылы қызмет көрсетуші мекемелермен келісімшартқа тұруға және оны бұзуға құқылы. Ол мекемені алыстан іздеп қажеті жоқ. Бұрынғы пәтер иелері кооперативтерінің көмегіне жүгінуге болады. Осы жерде айта кету керек, барлық ПИК-тер (пәтер иелерінің кооперативі) келешекте сервистік компания ретінде жұмыстарын жалғастыра алады. Қысқасы, бұл жоба барлық тарапқа тиімді болып тұр.

Бірақ жүзеге асыру жұмыстары тым баяу жүріп жатыр. Заңға сәйкес, 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін ПИК-тің орнына МИБ (мүлік иелерінің бірлестігі) немесе ҚС (қарапайым серіктестік) құрылуы тиіс. Мерзімнің аяқталуына 6 ай қалды, ал баспаналардың тек 69 проценті ғана басқарудың осы түріне өткен.

Дәлірек айтсақ, Қарағанды қаласында қазіргі күні 2 594 көпқабатты үй болса, соның тек 1 786-сы ғана ПИК-тен бас тартқан. Қалғандары ескі сүрлеумен келе жатыр. Мәселен, тек Қазыбек би ауданы бойынша қараша айында 480 үйді МИБ немесе ҚС қарамағына беру жоспарланған болса, тек 341 үй ғана өткен. Ал желтоқсанда 487 үйді жоспарласа, осы күнге дейін еш өзгеріс жоқ.

– Бұл жерде ең әуелі тұрғындар мүдделі болуы керек. Әкімшілікке иек артпай, әр адам белсенділік танытса, жазға дейін үлгереді, – дейді Облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов.

— Қазір атқарушы билік өкілдері әр ауланы аралап, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп-ақ жатыр. Бірақ, өкінішке қарай, құлақ асып құлшыныс білдіріп жатқандар аз.

Асыл АЙБЕК,

«QH»