Мәдениет саласын дамытудағы бюджет қаражатын тиімді пайдалану талқыланды
Қарағанды облысы бойынша тексеру комиссиясында «Мәдениет саласындағы қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, архив, кітапхана және музей қорының сақталуын қамтамасыз етуге бөлінген бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігі» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтті.
2025 жылғы 28 қаңтарда Қарағанды облысы бойынша тексеру комиссиясымен: «Мәдениет саласындағы қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, архив, кітапхана және музей қорының сақталуын қамтамасыз етуге бөлінген бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігі» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.
Шараға тексеру комиссиясының өкілдері, Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Е.К.Жумакенов, Қарағанды облысының мәдениет басқармасының құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының басшылары қатысты.
Дөңгелек үстел барысында Қарағанды облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Менсулу Бектурова сөз сөйлеп, мемлекеттік аудиттің қорытындысы, ведомстволық бағынысты мәдениет ұйымдары мен бюджеттік бағдарламалар әкімшісі – Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қызметін талдау және бағалау екенін атап өтті. Қазақстан Республикасының 2023-2029 жылдарға арналған мәдени саясат Тұжырымдамасының және Қарағанды облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарының негізгі бағыттарын ескере отырып, міндеттерді іске асыру және функцияларды орындау негізінде жүргізілген мәдениет саласындағы негізгі міндеттердің мыналар екенін көрсетті: мәдени құндылықтарға еркін қол жеткізуді қамтамасыз ету; дарынды тұлғаларды қолдау; шараларды ұйымдастыру және өткізу, сондай-ақ Қазақстан халқының ұлттық мәдени игілігі мен мәдени мұрасын қорғауға және дамытуға, Қазақстан Республикасының Бірыңғай мәдени кеңістігін нығайтуға бағытталған шараларды қолдау іске асырылуда.
Сонымен қатар, аудит мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарларының сапасыз жоспарлануы олардың ресми орындалуына әкеліп соқтырғаны, ал стратегиялық жоспарлау құжаттарында көзделген негізгі көрсеткіштер мен нысаналы индикаторлар орындалмай қалғаны, сондай-ақ кәсіпорын жарғыларының сәйкес келмеуі анықталды. Ал ведомстволық бағынысты кәсіпорындар жарғыларының Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес келмеуі негізсіз табыс алуға мүмкіндік берді.
М.Бектурова мемлекеттік кәсіпорындардың есеп саясаты бірнеше жылдар бойы пысықталмағанын, осылайша бухгалтерлік есеп туралы заңнаманы бұзу үшін жағдайлар жасалғанын атап өтті.
Сондай-ақ, аудит барысында ведомстволық бағынысты ұйымдардың мұражай, архив және кітапхана қорын сақтау мен танымал етуді қамтамасыз ету үшін жауапкершілікті төмендетуге ықпал еткен салалық заңнама нормаларының сақталмауы анықталды. Ведомстволық бағынысты ұйымдардың қаржы-экономикалық қызметін бағалау және талдау бухгалтерлік қызметтер қызметкерлерінің төмен қаржылық тәртібін көрсетті, бұл бюджет және еңбек заңнамасын, мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың бұзылуына алып келді.
Мемлекеттік аудит қорытындылары бойынша жалпы сомасы 350 469,3 мың теңгеге (қамту сомасының 14,2%) Қазақстан Республикасының бюджет және өзге де заңнамасының бұзушылықтары анықталды, оның ішінде:
— бюджетке түсім кезінде – 7 359,2 мың теңге;
— қаржылық бұзушылықтар – 83 734,2 мың теңге;
— тиімсіз жоспарлануы – 246 926,1 мың теңге;
— бюджет қаражатының, активтердің тиімсіз пайдаланылуы – 12 440,0 мың теңге;
— бюджет шығыны – 9,8 мың теңге.
Рәсімдерді орындау тәртібінің 72 бұзушылығы және 1 жүйелік кемшілігі анықталды.
Бұзушылықтардың жалпы сомасынан бюджетке түсуге 7 359,2 мың теңге, бюджетке өтелуге 52 601,2 мың теңге, қалпына келтірілуге 31 133,0 мың теңге жатады.
Қорытындылай келе, тексеру комиссиясының мүшесі Қарағанды облысында бөлінген бюджет қаражаты тұтастай алғанда мәдени саясаттың дамуына тиімді әсер еткенін, облыс халқы мәдени-бұқаралық шараларға, театрларға (2022 жылғы деңгейден отандық авторлардың театр қойылымдар санының артуы – 109%), аз дәрежеде мұражайларға (2022 жылғы деңгейден мұражайлар мен тарихи-мәдени мұра объектілеріне бару – 97,3%), кітапханаларға (2022 жылғы деңгейден кітапханаларға бару – 88,4%) белсенді қатысатынын атап өтті. Алайда архив ісін дамытуға аз көңіл бөлінеді, облыс архивтері 70%-ға жабдықталған, бұл аналогтық технологиялар мен физикалық объектілерді цифрлық нысандарға айналдыру процесін тежейді, осы уақытқа дейін бағалы құжаттар көлемді шкафтар мен қағаз сөрелерінде сақталады.
Соңында қатысушылар ең өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты, мәдениет және архив ісін дамыту саласындағы мәселелерді талқылады.
Қарағанды облысы бойынша тексеру комиссиясының ақпараты негізінде