Мұғалімдер әлеуметтік желі жүргізуге міндеттелмейді: жаңа заң жобасы қаралуда

Қазақстанда педагогтерді әлеуметтік желілерде парақша жүргізуге мәжбүрлеуге тыйым салу ұсынылды. Қазіргі таңда тиісті заң жобасы Парламент Мәжілісінде қаралып жатыр. Бұл бастама мұғалімдердің жұмыс жүктемесін азайтып, олардың құқықтарын қорғауға бағытталған.

Мәжіліс отырысында айтылғандай, бүгінгі күні мұғалімдер өздерінің негізгі міндетінен бөлек, қосымша жұмыстармен шамадан тыс жүктеліп отыр. Соның бірі – мектептің немесе сыныптың әлеуметтік желідегі парақшасын жүргізу, фото және бейнематериалдар жариялау, сондай-ақ мессенджерлердегі чаттарда үнемі байланыста болу міндеті.

Депутат Ирина Смирнованың айтуынша, педагогтерді әлеуметтік желі жүргізуге мәжбүрлеу заңсыз болып табылады.

– Мұғалімді әлеуметтік желі жүргізуге қандай да бір жолмен мәжбүрлеу – заңсыз. Егер педагог сынып немесе мектеп чатында үнемі онлайн болып, барлық хабарламаға дереу жауап беруге міндеттелсе, бұл тәулік бойы жұмыс істеумен тең. Мұндай чаттарда көбіне артық әңгіме көбейеді, ал оның тиімділігі шамалы, – деді депутат.

Оның айтуынша, ата-аналарға қажетті ақпаратты жеткізудің дәстүрлі тәсілдері де жеткілікті. Атап айтқанда, ата-аналар жиналыстары, күнделік арқылы хабарлау немесе мессенджерде тек маңызды хабарламалар жариялайтын әкімші тағайындау – мәселенің тиімді шешімі бола алады. Сонымен қатар, педагогтер әлеуметтік желіні өз еркімен жүргізе алады, бірақ бұл олардың міндетіне айналмауы тиіс.

Ал көпжылдық тәжірибесі бар мұғалім Любовь Горбунова әлеуметтік желінің белгілі бір дәрежеде пайдалы екенін атап өтті.

– Қазіргі уақытта барлық сала цифрландырылып жатыр. Әлеуметтік желі арқылы мектептің тыныс-тіршілігін көрсетуге болады. Біз өткізілген шаралар, сынып сағаттары мен мерекелер туралы ақпарат жариялаймыз. Бұл ата-аналар мен қоғам үшін маңызды, – деді ол.

Сонымен қатар заң жобасында мұғалімдерді өздеріне тән емес жұмыстарға тартуға қатысты нақты шектеулер енгізу көзделген. Атап айтқанда, мектеп әкімшілігі педагогтерді заңда қарастырылмаған есептерді тапсыруға немесе құжаттарды бір мезгілде қағаз және электронды форматта жүргізуге мәжбүрлей алмайды. Мұндай талап қойған басшыларға шамамен 43 мың теңге көлемінде айыппұл салу ұсынылып отыр. Бұған дейін мұндай жағдайда тек ескерту жасалатын.

Мектеп директорының орынбасары Айгүл Дәуітбекова бұл өзгерістер педагогтердің жұмысына кері әсер етпейтінін айтты.

– Біз өз жұмысымызды «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында жүргіземіз. Мұғалімдерді өз міндетіне кірмейтін жұмыстарға тартпаймыз. Заңдағы өзгерістер білім беру ұйымдарының жұмысына кері әсер етеді деп ойламаймын, – деді ол.

Жаңа заң жобасына сәйкес, педагогтер еңбек шартында көрсетілмеген имидждік немесе өзге де қосымша жұмыстарды орындаудан бас тартуға толық құқылы болады. Депутаттардың пікірінше, бұл өзгерістер мұғалімдердің артық жүктемесін азайтып, олардың негізгі міндеті – білім беру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

«QH»