«Ұлы дала» байқауы

Астанада «Ұлы дала» республикалық әдеби байқауының 2025 жылғы қорытындысы жарияланды. Биыл алтыншы рет ұйымдастырылған шығармашылық дода AMANAT партиясының «Ұлттық мұра» жобасы аясында өтіп, хакім Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналды. Байқаудың негізгі мақсаты –ұлттық құндылықтарды дәріптейтін сапалы әдеби шығармаларды қолдау, жас қаламгерлерге жол ашу және қазақ тіліндегі көркем әдебиетті дамыту.

Игі шараға еліміздің барлық өңірінен 120-дан астам шығарма ұсынылды. Қатысушылар поэзия, проза, драматургия, балалар әдебиеті және әдеби сын бағыттары бойынша бақ сынады. Сарапшылар алқасы үздік деп танылған жұмыстарды таңдап, бірқатар арнайы марапаттар тағайындады. Солардың ішінде жерлесіміз, жас тарихшы әрі қаламгер Әділет Жағыпар «Алаш аманаты» арнайы сыйлығын жеңіп алып, көпшілік назарын өзіне аудартты. Бұл марапат оның шығармашылық ізденісіне берілген лайықты баға ретінде аталды.

Марапаттау рәсімінде сөз сөйлеген AMANAT партиясының Төрағасы, Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың руханият пен ұлттық мұраға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, қазақ қоғамының интеллектуалды деңгейін көтеру жолында жас қаламгерлердің орны маңызды.

– Біздің міндет – жастарға жол ашу, олардың таланты мен шығармашылығына қолдау көрсету. «Ұлы дала» байқауы – осы бағыттағы нақты қадамдардың бірі, – деді Ерлан Қошанов.

Алты жыл ішінде «Ұлы дала» республикалық байқауы жас әдебиет өкілдерін бір алаңға тоғыстыратын маңызды мәдени жобаға айналды. Ол жас таланттардың кәсіби ортаға еніп, шығармашылық әлеуетін танытуына мүмкіндік беріп келеді.

Салтанатты кеш елордадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрында өтті. Марапаттау рәсімінен кейін қатысушылар мен қонақтарға режиссер Әлімбек Оразбеков қойған әйгілі «Абай» трагедиясы ұсынылып, шараның рухани мәнін толықтыра түсті.

«Ұлы дала» әдеби байқауы ұлттық әдебиетті дамытуға, Абай мұрасын жаңаша түсінуге және жас қаламгерлерді қолдауға бағытталған маңызды бастама ретінде өз жалғасын табуда.

Ералы ҒАНИ,

«QH»