Ұлттық жоба жеңімпазы

Қарағанды облысы республикалық мәдени-ағартушылық «Мың бала» жобасында тағы бір дарынды жасымен танылды. Нұра ауданы, Ыбырай Алтынсарин атындағы негізгі мектептің 11-сынып оқушысы Яна Приб аталмыш жобада ерекше өнер көрсетіп, «Өнерің өрге жүзер» номинациясының жеңімпазы атанды.

Биылғы байқау қазақ руханиятының қос тұлғасы – хакім Абайдың 180 жылдығына және көрнекті композитор, дирижёр Нұрғиса Тлендиевтің 100 жылдығына арналды. Бұл атаулы күн қатысушыларға ұлттық мәдениетті тереңірек танып-білуге және оны жаңаша қырынан таныстыруға мүмкіндік берді.

Жоба үш кезеңнен тұрды. Алғашқы кезең әлеуметтік желілерде өткен челленджден басталды. Қатысушылар Абай шығармаларын мәнерлеп оқып, видео форматында жариялады. Яна Приб жатқа оқыған өлеңімен ең көп дауыс жинап, өңірлік кезеңнің үздігі атанды.

Республикалық кезеңде жас өнерпаз Шәмші Қалдаяқовтың «Бәрінен де сен сұлу» әнін гитарамен орындап, қазылар алқасының да, көрерменнің де жоғары бағасын алды. Әуенімен астасқан жанды орындау оның сахналық талантын айқын көрсетті.

Байқаудың соңғы кезеңі гала-концерт форматында өтіп, қатысушылар салтанатты түрде марапатталды. Жас өнерпаздар тәжірибе алмасып, шығармашылық қабілеттерін кеңейтті.

– Алғаш рет үлкен сахнаға шыққандықтан қобалжыдым. Дегенмен бұл тәжірибе маған жаңа сенім мен шабыт берді. «Мың бала» жобасы ұлттық мәдениетке құрметпен қарауды, дәстүрді тануды және талантты жастарды қолдауды мақсат етеді. Мен үшін бұл үлкен мүмкіндік, – дейді Яна Приб.

Жас дарынды байқауға дайындаған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айгүл Оспанова шәкірті жайлы жылы пікір білдірді:

– Яна мемлекеттік тілді меңгеруге ынталы, білімді әрі еңбекқор оқушы. Байқауға қатысу оның рухани және шығармашылық тұрғыда өсуіне үлкен ықпал етті. «Мың бала» жобасы ауыл мен қала оқушыларына бірдей мүмкіндік беретін маңызды бастама, – дейді ұстазы.

Ұлттық бірегейлікті нығайтуға, жасөспірімдердің мәдени сауатын арттыруға бағытталған «Мың бала» жобасы жыл сайын көптеген талантты жастарды танытып келеді. Солардың қатарында Қарағанды облысының намысын абыроймен қорғаған Яна Прибтің жетістігі өңір үшін де, жас таланттың өзі үшін де ерекше маңызға ие.

Ералы ҒАНИ,

«QH»