Ұлттық жоба өрлеуге бастай ма?
Облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің басшылығымен өткен аппараттық кеңесте Білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова өңірде «Білімді ұлт» жобасы қалай жүзеге асырылып жатқанын айтты. Осы жоба шеңберінде мектептерді жаңғырту, тегін техникалық және кәсіптік білім берумен (ТжКБ) қамтуды ұлғайту, ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін жағдай жасауды жалғастыру қажет.
— Облыста үйірмелер мен секциялардың 380 түрі жұмыс істейді. Мемлекеттік тапсырыс 37,1 миллион теңгеге орналастырылды, Қарағандыда оқушылар сарайлары, Ақтоғай, Абай, Қарқаралы және Шет аудандарында 5 қосымша білім беру ұйымы ашылды. Тағы 24,8 миллион теңгеге мемлекеттік тапсырысты орналастыру, сондай-ақ Нұра ауданында балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығын ашу жоспарлануда, — деп бөлісті Гүлсім Қожахметова. — Мектепте білім беру саласында 449 миллион теңгеге 52 кабинет сатып алу жоспарлануда. Биыл жалпы сомасы 1,9 миллиард теңге болатын 47 мектепті жаңғыртуды көздеп отырмыз.
— Соңғы жылдары мектептерге тағы бір маңызды жаңалық енгізілді: аумақты бейнебақылау камераларымен қамтамасыз ету. Қазір камералар облыстың барлық мектебінде орнатылған. Камералар 330 білім беру ұйымдарында стандарттарға сәйкес келеді, қалған 254-інде монтаждау жұмыстары жүргізілуде, олар оқу жылы басталғанға дейін аяқталады, — деп нақтылады Білім басқармасының басшысы.
Ерекше қажеттіліктері бар балаларды біліммен қамту туралы да бөлісті: психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияны (ПМПК) және ерте түзетуді дамытуға баса назар аударылады. Қазіргі уақытта облыстың мектепке дейінгі мекемелерінің жартысында, жалпы білім беретін мектептердің 81 %-ында, колледждердің 55 %-ында арнайы жағдайлар жасалған. Осы жылы Шахтинск қаласында ПМПК құрылып, Қарағандыда аутизмі бар балаларды қолдау орталығы ашылады. Балаларды қабылдау оқу жылында басталады.
— Жобаның тағы бір көрсеткіші — жастарды қажетті мамандықтар бойынша колледждерде тегін оқытумен қамту, — деп жалғастырды Гүлсім Қожахметова. — 2025 жылға дейін 9 сынып түлектерін тегін ТжКБ-мен толық қамтуға кезең-кезеңімен көшу, сондай-ақ республикалық және жергілікті бюджеттен мемлекеттік тапсырыс көлемін ұлғайту арқылы халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан адамдарды тегін ТжКБ-мен қамтуды кеңейту жоспарлануда. Жалпы колледжде 9 сыныпнегізінде тегін негізде оқуға түскен студенттер саны 7 436-ға жетті.
Гүлсім Шабданқызы өңірлер, қала және ауыл мектептері арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты азайту керектігін сөз етті (PISA тестінің нәтижелері):
— Өңірде 410 мектеп бар, онда 166,5 мың бала оқиды. 2022 жылы PISA халықаралық зерттеуіне біздің облыстың 33 білім беру ұйымдарынан 2 050 оқушы қатысты. Қорытындысы осы жылдың желтоқсан айында белгілі болады.
Аружан АЛПЫСБАЙ