Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы 16 маусымда Ұлытауда өтеді
«Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы 16 маусымда жаңадан құрылған Ұлытау облысында өтеді.
Аталған консультативтік-кеңесші органның құрамына Парламент депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының, азаматтық қоғам мен саяси партиялардың өкілдері, кәсіпкерлер мен көрнекті сарапшылар, сондай-ақ өңірлік қоғамдық кеңес мүшелері кіреді. Ұлттық құрылтайдың ең маңызды міндеттерінің бірі – қоғамдық бірігуді одан әрі дамыту бойынша идеялар ұсынып, қадамдар жасау», деді Мемлекеттік хатшы.
Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдумнан кейін Қазақстан халқына жолдауында құрылтайдың бірінші отырысы өтетінін мәлімдеген болатын.
«Қастерлі Тәуелсіздігімізді, ел бірлігін және қоғамдық келісімді нығайту – біздің негізгі міндетіміз. Бұл реформалар құр атақ-абырой үшін қолға алынған жоқ. Мұның бәрін Жаңа, Әділетті Қазақстан құру үшін жасап жатырмыз. Халқымызда «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деген сөз бар. Бабаларымыз маңызды мәселені алқалы жиында шешкен. Мен осы дәстүрді жаңғыртып, Ұлттық құрылтай құру туралы бастама көтердім. Оған қоғамның түрлі топ өкілдері, беделді әрі белсенді азаматтар шақырылады. Құрылтайдың алғашқы отырысы ұлт ұясы – Ұлытауда өткізіледі. Осылайша, азаматтардың мемлекет ісіне атсалысу мүмкіндігі арта түседі. Шын мәнінде, еліміздің тағдыры – әрқайсымыздың қолымызда», — деді Мемлекет басшысы.