Ұлттық Құрылтай – жауапты шешімдер мен қоғамдық сенімнің жаңа белесі
Ұлттық Құрылтай бүгінгі таңда қоғам мен билік арасындағы ашық әрі мазмұнды диалогты қамтамасыз ететін маңызды алаңға айналып отыр. Бұл жиында көтерілген мәселелер ел дамуының тек стратегиялық бағытын айқындап қана қоймай, мемлекеттік басқаруда жауапкершілік пен тәртіпті күшейту қажеттігін нақты көрсетті.
Мемлекет басшысының Құрылтай отырысындағы баяндамасы әлеуметтік-экономикалық реформалардың мәнін тереңінен ашты. Президенттің айтуынша, кез келген өзгеріс нақты нәтиже беруге тиіс, ал формализм мен салғырттыққа енді жол жоқ. Әсіресе, әлеуметтік саясат, бюджетті тиімді жоспарлау және мемлекеттік қызметшілердің жеке жауапкершілігіне басымдық берілуі – қоғам күткен маңызды қадам. Мемлекеттік қаржының ашықтығын қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес жүргізу жөніндегі ұстаным ел азаматтарының кең қолдауына ие болды. Бұл – басқару жүйесінде жаңа саяси мәдениет қалыптасып келе жатқанының айғағы. Халықтың сенімі ең алдымен әділдік пен ашықтыққа негізделетіні белгілі. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры бойынша қабылданған шешімдер де дер кезінде жасалған маңызды қадам деп ойлаймын. Бұл шешімдер мемлекеттік институттардың халық алдындағы жауапкершілігін арттырып, нақты нәтиже талап ететін кезең басталғанын көрсетеді. Мемлекет басшысы тиімділігі төмен тетіктерді қайта қарап, түбегейлі өзгерістер енгізуге дайын екенін анық аңғартты. Сонымен қатар экономикалық реформалар мен жаңа Салық кодексіне қатысты қоғаммен ашық талқылау жүргізу бастамасы азаматтық пікірдің ескерілетінін дәлелдейді. Бұл өз кезегінде әлеуметтік әділеттілікті нығайтып, тұрақты экономикалық дамуға берік негіз қалайды. Осы тұрғыда депутаттар мен қоғамдық ұйым өкілдерінің рөлі ерекше. Заңнамалық бақылауды күшейту, реформалардың сапалы іске асуын қамтамасыз ету және қабылданған шешімдердің әрбір азаматтың өміріне нақты әсер етуіне ықпал ету – ортақ міндет.
Ұлттық Құрылтай – тек пікір алмасу алаңы емес, нақты шешімдер қабылданып, ел болашағына бағытталған батыл қадамдар жасалатын маңызды қоғамдық институт. Мұнда көтерілген әрбір бастама қоғам сұранысымен үндесіп, нақты нәтижеге ұласуы тиіс деп сенемін.
Ақмарал КУНЕДИЛОВА,
А.Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық техникалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы,
қазақ бөлімінің меңгерушісі, педагог-зерттеуші

