Ұлттық құрылтай – стратегиялық жаңғыру мен жауапты өзгерістер кезеңі
Қызылорда қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысы ел дамуының жаңа кезеңіне бағытталған маңызды саяси алаңға айналды. Президенттің бұл жиында айтқан ойлары – уақыт талабына сай институционалдық жаңғырудың, ұлттық бірлік пен жауапты реформалардың айқын көрінісі.
Мемлекет басшысы әлемдегі геосаяси ахуалдың күрделенгеніне қарамастан, Қазақстанда түбегейлі өзгерістер жүзеге асырылғанын атап өтті. Бұл реформалардың түпкі өзегі – халықтың қамы мен мемлекеттің мүддесі. Президенттің «халықтың игілігі – баға жетпес құндылық» деген ұстанымы елдегі барлық саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің басты бағдарын айқындайды. Ұлттық құрылтайда айтылған маңызды ұсыныстардың бірі – вице-президент институтын енгізу мәселесі. Президенттің тапсырмасы бойынша халықаралық деңгейде ел мүддесін қорғау, парламентпен өзара іс-қимыл жасау, қоғамдық және ғылыми ортада мемлекет атынан байланыс орнату сияқты функционалдық міндеттердің Конституцияда нақты көрініс табуы – басқару жүйесінің сабақтастығы мен тұрақтылығын күшейтетін қадам. Бұл – мемлекеттік биліктің институционалдық тұрғыдан жетілуіне бағытталған ұсыныс. Сонымен қатар цифрландыру үдерісінің институционалдық-құқықтық негізін Ата заңда бекіту қажеттігі де орынды көтерілді. Қазіргі таңда цифрлық трансформация – экономиканың ғана емес, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыратын басты құрал. Сондықтан бұл бағыттың конституциялық деңгейде танылуы – болашаққа салынған берік негіз. Президенттің ұлттық бірлік туралы ойлары ерекше маңызға ие. Қазіргі дүрбелең кезеңде елдің стратегиялық бағыты – жалпыұлттық келісім мен бірлікке сүйенуі тиіс. «Тәуелсіздік – ұран емес, нақты құндылық» деген тұжырым қоғам санасында берік орнығуы қажет. Ел болашағы үшін өткеннің қасіретіне байланып қалмай, өзгерістерге дайын, парасатты ұлт ретінде әрекет ету – уақыт талабы. Ассамблеяның орнына Қазақстанның халық кеңесін құру туралы бастама да қоғамдық диалогтың жаңа форматына жол ашады. 126 адамнан тұратын бұл кеңес қоғамдағы түрлі көзқарастар мен ұсыныстарды біріктіретін кең ауқымды алаңға айналуы мүмкін. Қорытындылай келе, Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысы – Қазақстанның саяси жүйесін жаңғыртуға, ұлттық сананы жаңартуға бағытталған маңызды белес. Бұл ұсыныстарды ғылыми тұрғыдан талдап, қоғамдық санада дұрыс түсіндіру – зиялы қауым мен сарапшылардың ортақ міндеті. Ел болашағы үшін жауапкершілікті сезіну, бірлік пен келісімді сақтау арқылы ғана біз қуатты әрі беделді мемлекет құра аламыз.
Салават КЕНТБЕК,
Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университетінің «Тарих» факультетінің доценті

