Ұлттық ойын ұлықталды

Қарағандыда мектеп оқушылары арасында ұлттық дәстүрлі ойындарды дәріптеу мақсатында ерекше турнир өтті. № 36 жалпы білім беретін мектепте ұйымдастырылған бұл іс-шара аясында оқушылар «Асық ату» және «Бес асық» бойынша өз шеберліктерін көрсетті. Турнир «Ziatkerlik Modernizasia» жобасы аясында 5–6 және 7–8 сынып оқушыларының қатысуымен өтті.

Жарыстың басты мақсаты – ұлттық ойындарды дәріптеу, атадан қалған аманатты жас буынға жеткізу және оқушылардың ойлау қабілетін, зейінін дамыту болды. Сондай-ақ бұл шара арқылы қатысушылардың командалық рухын арттыру және ұлттық мәдениетке деген қызығушылықтарын ояту көзделген.

Турнир барысында оқушылар екі алаңда жарысты. Ұлдар «Асық ату» ойынында өз бақтарын сынаса, қыздар «Бес асық» ойынында шеберліктерін көрсетіп, жарыстың тартысты өтуіне себепші болды. 5-6 сынып оқушылары арасындағы «Асық ату» сайысында бірінші орынды Ә. Бөкейхан атындағы мектеп иеленсе, екінші орын – № 53 мектеп-лицейінің, ал үшінші орын Абай атындағы мектеп-гимназиясының командасына берілді. 7-8 сынып оқушылары арасында өткізілген жарыста І орынды Ж. Ақбаев мектебі, ІІ орынды № 14 мектеп-гимназиясы, ІІІ-орынды № 85 мектептің командасы иеленді.

Қыздар арасындағы «Бес асық» ойынында да тартыс ерекше болды. 5-6 сынып оқушылары арасында бірінші орын М.Жұмабаев атындағы гимназияға, екінші орын Абай атындағы мектеп-гимназиясына, үшінші орын № 74 мектептің командасына бұйырды. 7-8 сынып қыздар арасында І-орынды № 53 мектеп-лицейі, ІІ-орынды Б.Момышұлы атындағы мектеп, ІІІ-орынды № 36 мектептің командасы алды.

– Кішкентайымнан аулада асық ойнап өскен соң, бұл ойынның қыр-сырын жақсы меңгеріппін. Мектебімізде арнайы асық үйірмесі бар, барлық жағдай жасалған. Үйірме жетекшісі Дархан Қанай ағайдың көмегімен шеберлігімізді шыңдап жүрміз. Бұл турнир біз үшін үлкен тәжірибе болды. Осындай жарыстар жиі ұйымдастырылса жақсы болар еді, – дейді жас спортшы Нұрасыл Қуандық.

Турнир соңында барлық жеңімпаз бен жүлдегерлер арнайы дипломдармен және марапаттармен марапатталды. Шараның ұйымдастырушылары балалардың ұлттық ойындарға қызығушылығын арттырудың, сондай-ақ командалық рухын қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Бұл турнир ұлттық ойындардың мектеп жасындағы балалар үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетті. «Асық ату» мен «Бес асық» сияқты дәстүрлі ойындар балалардың шеберлігін, зейінін дамытып, олардың ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттырады.

Қарағандыдағы бұл турнир ұлттық дәстүрді насихаттау және мектеп жасындағы балаларды ұлттық ойындарға баулу ісінде маңызды қадам болды. Болашақта осындай шаралар жиі өткізіліп, балалардың ұлттық мәдениетке деген қызығушылығы мен сүйіспеншілігі одан әрі артады деп сенуге болады.

Ералы ҒАНИ,

«QH»