Ұлттық ойын – даналық пен дәстүрдің тоғысы
Түркістан қаласында ардагерлер арасында өткен тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасы чемпионаты өз мәресіне жетті. Бес күнге созылған сайысқа еліміздің 17 өңірінен жүзге жуық спортшы қатысып, ұлттық ойынның беделі мен өрісін тағы бір мәрте көрсетті.
Қарағанды облысының намысын жеті ойыншы қорғады. Нәтижесінде, үш спортшы – Бүркіт Бейсенов, Қайрат Омаров және Юлия Фалик қола жүлдеге ие болды. Ерлер арасында Бейсенов пен Омаров 60+ жас санатында өнер көрсетсе, Юлия Фалик әйелдер арасындағы 70+ санатында сәтті ойын өрнегін көрсетті.
– Тоғызқұмалақты мен 1980-жылдары үйрендім. Ол кезде Ағадыр маңындағы балалар лагерінде аға тәрбиеші болып жұмыс істейтінмін. Лагерь директоры Балтабай Қасқырбаевтың өзі осы ойынға ерекше мән беріп, бізді түгел үйреткен еді. Тіпті балалардың да бұл ойынды білуін талап ететін. Сол кезден бастап тоғызқұмалақ менің өмірімнің бір бөлшегіне айналды, – дейді жарыс жүлдегері Юлия Фалик.
Ол кейін Саран қаласындағы аула клубтарының бірінде жасөспірімдерге ұлттық ойынды үйретіп, өзінің тәжірибесімен бөлісті. Қазір зейнеткер болса да, тоғызқұмалаққа деген қызығушылығын жоғалтпаған.
Республикалық додада Юлия Фалик жеті партия ойнап, тек екеуінде – Астана мен Ақтөбе қалаларының мықты спортшыларына жол берді. Дегенмен, ол өз өңірінің намысын абыроймен қорғап, жүлделі үшінші орынға қол жеткізді. Бұл жеңіс оның жылдар бойы жинаған тәжірибесі мен табандылығының жемісі.
Тоғызқұмалақ – қазақ халқының ежелгі зияткерлік мұрасы. Ғалымдардың айтуынша, бұл ойынның тарихы кемінде төрт мың жылға созылады. Тастан ойылған тақталар мен қойдың құмалақтарын қолданған ата-бабаларымыз тоғызқұмалақты тек ойын ретінде емес, ақыл-ойдың шыңдалу құралы, логикалық ойлаудың мектебі ретінде бағалаған.
Ойын 162 ұядан және 18 отаудан тұрады, әр отауға 9 құмалақтан салынады. Қарсыласынан көбірек құмалақ жинаған ойыншы жеңіске жетеді. Тоғызқұмалақ математикалық есептеуге, стратегиялық ойлауға, қарсыластың қадамдарын алдын ала болжауға үйретеді. Сондықтан бүгінде бұл ойын халықаралық деңгейде де жоғары бағаланып келеді.
Қазір тоғызқұмалақ Қазақстанмен қатар, Қырғызстан, Моңғолия, Түркия, Ресей, Германия және басқа да елдерде ресми түрде дамып, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының бастамасымен әлем чемпионаттары өткізіледі.
Түркістандағы бұл дода тек жарыс қана емес, ұлттық рух пен дәстүрдің мерекесі болды. Ардагерлердің табандылығы мен өмірлік тәжірибесі жас буынға үлгі. Олар тоғызқұмалақ арқылы қазақ халқының ой мәдениетін, даналыққа негізделген өмір философиясын дәріптеп келеді.
Мұндай жарыстар ел ішіндегі спорттық және мәдени байланыстарды нығайтып қана қоймай, ұлттық құндылықтардың қайта жандануына да зор үлес қосады.
Қарағандылық ардагерлердің Түркістан төріндегі жетістігі – ұлт руханиятына қосылған үлес, ал олардың есімі жас буынды тәрбиелеу жолындағы шабыт көзі болмақ.
Ералы Ғани
«QH»

