Ұлттық өнердің жаңғыруы

Қарағанды қаласының 90 жылдығы аясында «Ордалы Қарағандым, шежірелі Қарқаралым» атты Қарағанды мен Абай облыстары ақындары мен дәстүрлі өнер өкілдері арасында республикалық командалық айтыс өтті.

Іс-шара Абай облысы делегациясы мен Қарағанды облысының ресми тұлғаларының ұлы ақындар Абай Құнанбаев пен Қасым Аманжоловтың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды.

Онан соң Кеншілер мәдениет сарайында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен баспасөз-конференциясы өтіп, онда Қарағанды облысының айтыс ақындарының «Арқа» кітабының тұсауы кесілді. Облыстық мәдени-ойын-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығы құрастырған кітапта өңір ақындарының өмірбаяны, жетістіктері мен үздік айтыстары жарияланған.

Баспасөз мәслихатында ұйымдастырушылар биыл жыл басында бастау алған мегажобаның ерекшелігі мен берер пайдасына тоқталды.

-Бұл мегажоба жыл басынан бастау алды. Онда Қазақстанның 20 аймағынан 20 команда қатысады, төрт кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңінде 20 команда, екінші кезеңде 10, үшінші кезеңде 4 және финалда 2 команда бақ сынайтын болады. Қорытындысы, яғни ақтық сыңы келесі жылдың наурыз айында әулиелі төр — Маңғыстау төрінде өтеді. Жобаның ерекшелігі кешегі ғасырлар безбегінен қазақ деген халықтың қанына сіңген, сүйегіне сіңген ұлық өнерлеріміз: дәстүрлі ән өнері, айтыс өнері, жыр өнері, күй өнері, термешілік өнеріміз — осы бес өнердің басы қосып, ұлттық өнерімізді дамыту. Бұл жобада қазылар алқасының өзіне ерекше талап қойылған, «шымшық сойса да, қасапшы сойсын» демекші, әр жанр бойынша сол саланың үлкен майталманы баға беретін болады. Мұның негізгі мақсаты әділеттілік болсын деген ұстаным. Себебі, әр саланың өзінің қас шеберлері, мамандары кәдімгі жілігін шағып, теориялық тұрғыда болсын, әрбір өнер иесінің орындау шеберлігін, соның барлығын сарапқа сала отырып, әділ өз бағасын береді деген ойдамыз, -деп атап өтті мегажобаның ұйымдастырушысы Аманжол Әлтай.

Фольклортанушы ғалым, эпикалық жыршылық орындаушылық үрдістің көрнекті өкілі Берік Жүсіп мегажобаның пайдасы жайлы айта кетті.

-Аманжол бауырымыз бастаған осы мегажобаның бізге тигізер пайдасы не деген сұраққа келер болсақ, бір уақытта айтыс өнерінің де, айтыспен бірге халық ауыз әдебиетінің басқа жанрларының да туын құлатып, жығып алдық. Сол ту мына айтыс өнерінің арқасында қайта тіктелді, қазір айтыс ағалық жасап өзінің қоластына, айналасына мына халық ауыз әдебиетінің басқа да жанрларын: әнді, күйді, жыршылық пен термешілікті екеуін екі айырып алып, қатар тоғыстырып жатыр. Сонда бұл жобаның жалпы қазаққа, Қазақстанға беретіні мол. Бір нәрсені ескеруіміз керек қазақ өнерін бір жанрлық тұрғыда біріктіріп қарауға болмайды, біз міндетті түрде аймаққа, өлкелік ерекшелікке және сол өлкелік ерекшеліктің ішінде этник сипатқа бөлінетін халықтардың қатарындамыз. Кешегі ңеңестік қатаң жүйесі оның барлығын бір қапқа, бір сапқа тықты, сондықтан бұл Қазақстандағы әрбір аймақ, өңір және сол өңірден дамыған күйшілік, жыршылық, термешілік және тағы да қайталап айтамын сөз өнерінің формалары әр өңірде әртүрлі сол ерекшелігін, өзінің түр-тұрпатын көрсетуге байланысты үлкен жоба деп есептейміз. Өйткені, шынын айту керек жыршы-термешілердің, әнші-күйшілердің қазір сахнада тынысы тарылып бара жатыр, олардың халықтың алдына шығып, өзінің табиғатын, ерекшелігін жоғалтып бара жатқан уақытта мына жобаның келіп, бір жыл бойы облыстарды аралап, көктемде Ұлыстың ұлық мерекесінің тұсында мұның қорытындысын шығару көңілге қонады. Және осы жобаның арқасында біздің ұлттық өнер өзінің ары қарай бір жаңа белестегі даму сатысын бастаса екен деген үміт артамыз, -дейді қазылар алқасының мүшесі Берік Жүсіп.

Ары қарай шара екі облыс ақындары мен өнерпаздары арасындағы айтыспен жалғасты. Айтысқа қатысушыларды Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев құттықтады.

Өңір басшысы айтыс ең алдымен халық шығармашылығын дәріптеу және қазақ халқының ауызша ән поэзиясының сүйікті түрі екенін атап өтті.

Командалық айтыста екі облыстан 18 өнерпаз бақ сынасты. Сүре, қайым, түре, қыз-жігіт айтысы, жыр, терме, күй, дәстүрлі ән сайысы көпшілік көрерменді қуантты.

Өнер жарысы бес жанр бойынша өтті, оның ішінде айтыстың төрт түрі: сүре, қайым, түре, қыз-жігіт айтысы болды. Айтыстағы басты талап әр түрінің өзіндік ерекшелігінің сақталуы болды. Ән жанры бойынша екі әнші екі әннен орындады, терме бір-бірден орындалды, ал жыршыларға 6-7 минут берілді, олар осы уақытта таңдаған жырының ең мазмұнды жерінен үзінді орындады. Күй өнері бойынша бірінші екі күйші өздерінің ең сүйікті, сүйекті сүйін тартып алды, сонан соң күй тартысқа ауысты.

Дүбірлі додада Қарағанды облысының командасы жеңіске жетіп, екінші кезеңге жолдама алды. Барлық өнерпаздарға қаржылай сыйлықтар табысталды.

-Сонау сексенінші жылдары облыс облыстарды бір-бірімен айтыстыратын еді, сол дәстүр міне бүгін жалғасын тауып отыр. Қарағанды мен Семей арасында айтыстың өтуінде бір заңдылық бар сияқты, бөтен ел емес, кешегі Құнанбайдың қайын жұрты Қарқаралы қасымызда тұр, Ұлы Абайдың нағашы жұрты. Айтыстың тақырыбы да керемет «Ордалы Қарағандым, шежірелі Қарқаралым», Сарыарқа төрінде нағыз шеберлер бас қосты. Жақсы ән сайысы, күй сайысы, айтыс болды. Халықтың есінде қалатын, рухын көтеретін бір думан болды деп ойлаймын, -деп өз ойымен бөлісті ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, қазылар алқасының төрағасы Жүрсін Ерман.

Айта кетейік Қарағандыда өткен командалық айтыс мегажобаның алғашқы айтысы емес. Жобаның ең алғашқы күміс қоңырауы Қызылордада соғылған, онда Қызылорда облысы мен Шымкент қаласының командалары айтысып, екінші кезеңге Қызылорда командасы өтіпті. Онан соң Түркістанда Түркістан облысы мен Жамбыл облысының командасы бақ сынасып, онда Түркістан облысы жеңген екен, кейін Ұлытау облысы мен Қостанай облысының командалары айтысып, ол додада Қостанай облысының командасы екінші кезеңге жолдама алыпты, кейін Ақтау қаласында Маңғыстау облысы мен Атырау облысының командалары сынға түсіп, ол жерде Маңғыстау облысының командасы жеңіске жеткен көрінеді. Қарағанды облысы мен Абай облысы арасында өткне айтыста қарағандылық команда жеңіске жетті. Ары қарай айтыс Астанада жалғасып, онда Астана мен Алматы қаласының командалары бақ сынасады, қазан айында Ақтөбеде Ақтөбе облысы мен БҚО бақ сынайды, кейін Алматы облысы мен Жетісу облысының командалары, Ақмола облысы мен Павлодар облысының командалары жарысады, онан соң СҚО мен ШҚО командалары Петропавлда бақ сынасады. Осылайша биыл жыл соңына дейін жиырма команданы толық бір-бірімен өнер аламанын өткізеді. Ал келесі жылдың басынан бастап наурыз айына дейін екінші және үшінші кезеңдері өз мәресіне жетіп, Наурыз мерекесіне орай Ақтау қаласында жеңімпаз екі команда арасында финал өтеді.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ, «QH»