Ұлттық өнерді паш еткен ару
Қарағандылық этнодизайнер Евгения Шульцтың жұмыстары жақында Парижде өткен жәрмеңкеде көрсетілді. Жаңа жыл қарсаңында Париждегі Рождестволық базарда Астана апталығы өтті. Қазақстандық қолөнершілер алғаш рет Франция астанасының тұрғындары мен қонақтарына өз өнімдерін ұсынды.
Жұмыстар арасында қарағандылық шебер Евгения Шульцтың туындылары (киізден жасалған кеудешелер мен сөмкелер) болды. Осыған орай біз этнодизайнер, Еуразиялық дизайнерлер одағының және ҚР Дизайнерлер одағының мүшесі Евгения Шульцтан сұхбат алған едік.
– Бірінші сұрағымыз – шығаршылыққа қалай келдіңіз? Себебі бастапқы мамандығыңыз заңгер екен.
– Шығармашылық адамдар туралы «оларды Құдай сүйген» деп бекер айтпаған. Өнер – жоғарыдан берілген тағдыр, ол ерте ме, кеш пе көрінеді. Әрбір суретшінің шығармашылық қызметі туған кезден басталады. Егер отбасында шығармашылық тұлғалар болса, ертерек басталуы мүмкін. Меніңше, талант әрқашан біреуден беріледі және жақсы мұғалімдердің көмегімен дамиды. Иә, негізінде, мен Қонаев атындағы университеттің заң факультетін бітіріп, заң кабинетін ашайын деп жүргенмін. Бірақ тағдыр басқа бағытқа жетеледі. Барлығы жаңбырдан басталды. Бір күні керемет әдемі жаңбыр жауды, мен майлы бояуларды алып терезе алдында отырдым және өзімнің сол кездегі күйімді кенепке салдым. Бірінші майлы сурет менің көңіл-күйіме сай жасалды, содан кейін күтпеген жерден тапсырыс түсе бастады. Осылайша мен суретшілікке ойысуды, жаңа, ерекше нәрсе жасауды армандадым.
– Көбіне киіз жұмысы қиын деп жатады, сіз неліктен дәл осы өнер түрін таңдадыңыз?
– Көркем киіз – эксперименттік кескіндемеге қатысты бейнелеу өнері әдістерінің бірі. Менде күтпеген жерден киізден жасалған суреттер мен киім дизайнына деген сүйіспеншілік пайда болды. Мен сурет салуға әуес болдым, алайда киізден жасалған киім сәнге айнала бастады. Осылайша киіз дизайнына деген сүйіспеншілігім және сурет салуға деген әуестігім үйлесіп, киізден жасалған картиналар, кейін сурет салынған киізден жасалған киім жасай бастадым. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі маған «Ежелгі киіз басу өнері – қазіргі заманғы өнер ретінде» атты зерттеу жұмысым үшін авторлық құқық сертификатын берді. Ол жұмысымда жоғарыда айтқанымның барлығын егжей-тегжейлі баяндадым. Мен өнімдеріме ерекше мән беруге тырысамын, киім дизайнын кез келген елде киюге болатындай етіп түрлендіремін.
– Жұмастарыңыз қандай жанрларда?
– Негізінен, майлы кескіндемені ұнатамын, бірақ дипломымды эксперименттік кескіндемеден қорғадым және эксперименттің қазіргі заманғы көрермендер арасында барынша сұранысқа ие екеніне сенімдімін. Қазіргі бағытым – этнодизайн, яғни киізден жасалған үлкен картина, әйелдер киімі мен аксессуарлары. «Экспериментті кескіндеме – кемелдікке апарар жұлдызды жол» атты зерттеу жұмысыма материал жинап жүргенімде Қазақстандағы таңғажайып экспериментті суретшілердің есімін таптым. Қарағандыда да көптеген экспериментті суретші бар, олардың көпшілігі халықаралық деңгейде жұмыс істейді. Қазақстанда тәжірибелік өнер, графика, реалистік көріністің кескіндемесі өте айқын бейнеленген. Мұндай сан алуан көркемдік техника ешбір елде кездеспейді. Мені нағыз қазақы бағыт, қазақтың көне қолөнерінің элементтерімен жасалған тәжірибелер, қуантады. Көптеген суретші бір композицияда барлығын таңғажайып үйлестіре біледі, былғарыға ойып салады, кесте, ағаш ою әдісін пайдаланады. Мен киізді сүйекпен ойып безендіремін. Сүйекпен ою – кез келген адамның қолы жете бермейтін әдемі, элиталық өнер.
– Жалпы қанша жұмысыңыз бар? Олардың арасында өзіңізге ең жақынын атап өтсеңіз және жұмыстарыңызды сатасыз ба?
– Мен көптеген картина жасадым, жеңіл әрі жылдам жұмыс істеймін. Бірақ солардың арасында мен үшін ең құнды шығарма – «Шопанның жүрегі». Бұл суретімде Отанға деген сүйіспеншіліктің бір түрі бар. Сән дизайны өнімдерін Астанадағы жәрмеңкелерде сатамын. Әсіресе киізден жасалған декор стиліндегі сөмкелер жақсы сатылады. Сондай-ақ барша суретші сияқты жұмыстарымды арнайы интернет сайттарында, достарымыздың тойы мен туған күндерінде, галереяларда сатамын.
– Бірде «жұмыстарым шетелдік көрмелерге де қойылды және жеке коллекцияға сатып алғандар да бар» дегенді айтып едіңіз. Осы жайлы айта кетсеңіз?
– Көрермен жүрегіне жақын нәрсені бағалайды. Бұрын мен бұйымдарым мен картиналарымды Германияға жібердім, Австрияға апардым, қазір Лос-Анджелестегі Азиза Азизованың «Azzi Art» көркем галереясымен тұрақты түрде жұмыс істеймін және екі рет Флоридадағы жеке коллекцияға картиналар апардым. Барлығы 30-ға жуық туынды шетелге ұшып кетті. Әсіресе шетелде тұратын қандасымыздың бір картинама деген көзқарасы мені ерекше қуантты, ол қар ұшқындары арасындағы киіз үй бейнесін таңдады. Германиялық коллекционер үшін ежелгі қамалдың таңғажайып әдемі суретін жасадым. «Фламинго түстес таң» картинасы Калифорнияда сатылып, Кувейтке апарылды. Кувейттен келген коллекционер оның неден жасалғанын ұзақ сұрапты. Жақында жұмыстарым алғаш рет Парижде өткен жәрмеңкеге ұсынылды. Мен бұл коллекциямды бір жылдың ішінде жасадым. Оның арасында киізден жасалған 14 кеудеше мен 14 сөмке болды. Жинақ өзіндік табиғатымен ерекше: киізге салынған суреттерде Қазақстан табиғатының сұлулығын ою-өрнек қолданбай көрсетуге тырыстым. Бұл әдіс ұлттық нақышымызды жеткізіп, сонымен қатар бұйымдарды жаңартты, яғни оларды тек Қазақстанда ғана емес, кез келген елде киюге болады. «Қарсақ», «Жайлаудағы таң», «Тәңір жаны», «Дала өсімдіктері», «Теңіз» деген атаулар Сарыарқаның ерекше табиғатын көрсету үшін берілді. Ал этнодизайнер әрі кәсіпкер Бибігүл Карденованы Астанада өткен халық шығармашылығы көрмелерінің бірінде кездестірдім, оған менің туындыларым қатты ұнап, Парижге апаруға ұсыныс жасады. Бұл мүмкіндікті уыстан шығару мүмкін емес еді, сөйтіп, коллекциямды Бибігүлге сеніп тапсырдым. «Дала түстері» атты топтамамды пәтерімде жасадым, үйімде жұмыс орным толық жабдықталған, жүн де сонда сақталады.
– Керемет, мұнан басқа тағы қандай ірі көрмелерге қатыстыңыз, олардың арасында есіңізде қалған ерекше көрмелер бар ма?
– Көрме – әрқашан мереке. Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Алғыс күнін мерекелеуге арналған «Қазақ жанының жылуы» көрмесіне қатысқаным мәңгі есімде. Сол жылы Қазақстанда алғаш рет Алғыс айту күні аталып өтті. Бұл менің алғашқы үлкен көрмем болатын. Содан кейін суреттер Бейбітшілік және келісім сарайында бірнеше ай бойы елорда қонақтары мен тұрғындарына көрсетіліп, өзім экскурсия жүргіздім, көрмем жайлы әңгімеледім, киіз басудан халықаралық және республикалық деңгейде шеберлік сабақтарын өткіздім. Біз көрмені «Үйімізге тыныштық» деп атадық. Астананың Ұлттық музейінде 2021 жылы Еуразиялық дизайнерлер одағының халықаралық ретроспективті көрмесі өте қызықты өтті. Әрине, жетекші орынды сән үлгісінің өкілдері иеленді, бірақ маған қазақтың халық өнерін жандандырып, кеңінен насихаттап жүргенім үшін ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың алғысхаты табыс етілді. Оның үстіне, Нәзипа Ыдырысқызы Шанай қазақтың дәстүрімен иығыма шапан жапты. Мен барлық іс-шараға шапан киемін, ол – маңғыстаулық қолөнер шеберлерінің бірегей туындысы. Лос-Анджелесте «Өнер – біріктіруші күш» халықаралық көрмесінің ұйымдастырылуы маған қатты әсер етті. Жерлесіміз Азиза Азизова өз галереясына Қазақстан, Америка және Ресей суретшілерінің жұмыстарын әр елден келген келушілердің назарына ұсынды. Сол көрмеде менің екі картинамды да сатып алды.
– Өз тәжірибеңізді бөлісіп шеберлік сабақтарын өткізесіз бе?
– Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық үйінде Халық шығармашылығы орталығының меңгерушісі болып жұмыс істеген кезімде біз әр іс-шарада менің де, этномәдени бірлестіктер суретшілерінің де көрмелерін өткізетінбіз. Бұл үшін біз үлкен мольберттер сатып алдық, оларды барлығы, соның ішінде біздің бірлестікке келушілер де пайдаланды. Шеберлік сабақтары негізінен киіз басу бағытында жүргізіліп, көпшіліктің көңілінен шықты. Біздің есеп бойынша, бір тоқсанда сабаққа 2 600 адам қатысты. Олардың арасында ең кішісі 4 жаста, ең үлкені 83-те. Мектеп оқушылары келетін. Ең белсенді қатысқан поляк, еврей, грек, корей, вайнах, неміс этномәдени бірлестіктерінің өкілдері болды. Біз Достық үйінде мүмкіндігінше жастар мен жасөспірімдерді халық қолөнерімен айналысуға тартуға тырыстық. Бұл жерде үлкен құндылық бар: жастарымыз ұлттық салт-дәстүрлерді білуі және құрметтеуі, көпұлтты мемлекетіміздің тыныштығы мен гүлденуі үшін жауапты болуы керек. Мен бізге, өнер адамдарына, осындай ерекше талантты «жоғарғы күш» иесінің тегін бергенін, біз мұны бағалауымыз керек екенін түсіндіруге тырысамын. Сол себепті біздің әлем мен халық алдында екі есе жауапкершілігіміз бар. Біз әлемге жер бетіндегі ең ғажайып нәрселерді – сұлулықты, жақсылықты және мейірімділікті – жеткізуге міндеттіміз.
– Евгения Шарафутдиновна, қызықты әрі пайдалы сұхбатыңыз үшін көп рақмет. Өнеріңіз өрлей берсін, алда әлі талай халықаралық және республикалық көрмелерде кеншілер шахарының атын шығара беріңіз!