Ұлттық өнер — рухани мұраның айнасы

Қарағанды қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған республикалық «Халық қолөнері – ел болмысы» атты фестиваль өтті. Мақсаты – ұлттық өнерді насихаттап, этностар арасындағы достық пен бірлікті арттыру.

Фестивальдің ашылу салтанатында Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов сөз сөйлеп, қатысушылар мен көрерменді құттықтады.

– Қарағанды – жүзден астам этнос өкілдері тату өмір сүріп жатқан өңір. Біздің басты байлығымыз бейбітшілік пен бірлік. Ал осындай мәдени шаралар сол татулықты нығайтып, рухани тұтастықты қалыптастырады, – деді ол.

Бұл шара – халықтың ежелгі дәстүрін сақтап, оны бүгінгі заман талабына сай дәріптеудің айқын көрінісі. Фестиваль аясында шеберлердің қолөнер бұйымдары, этностильдегі киім үлгілері және ұлттық аспаптардағы өнер көрсетілімдері жұртшылық назарына ұсынылды.

Фестиваль екі негізгі бағытты қамтыды. Біріншісі – өнер бағдарламасы. Мұнда өңірлерден келген өнерпаздар ән мен биден шашу шашып, ұлттық және классикалық музыкалық аспаптарда ойнады. Әр ұлттың мәдени әуені сахна төрінде тоғысып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Екінші бағыт – қолөнер және этностиль көрмесі. Бұл бөлімде киіз, ағаш, тері, металл және жіптен жасалған бұйымдар көрермен көзайымына айналды. Әсіресе, ұлттық ою-өрнекпен безендірілген киімдер мен зергерлік бұйымдар ерекше әсер қалдырды.

Қолөнер шеберлері өз туындылары арқылы ұлттың болмысын, табиғатқа деген құрметін және тұрмыс мәдениетін бейнеледі. Көрме сөрелерінде ағаштан ойылған ыдыстар, күміс білезіктер, түскиіздер мен кестеленген камзолдар ұлттық нақыштың әсем үлгісін көрсетті.

Шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген түрлі этнос өкілдері қатысты. Олар өз халқының дәстүрін таныстырып, мәдениеттердің үндестігін паш етті. Кәріс, татар, украин, орыс және басқа ұлт өнерпаздарының әндері мен билері қазақтың күйімен әсем үйлесім тапты.

Осындай фестивальдер халықтар арасындағы достықты нығайтып, елдегі тұрақтылық пен татулықтың негізін қалайды. Бұл – көпұлтты елдің мәдени көптүрлілігін бейбіт жолмен дәріптеудің тамаша үлгісі.

Фестиваль барысында жас шеберлер үшін шеберлік сабақтары өткізілді. Тәжірибелі ұсталар жастарға қолөнердің қыр-сырын үйретіп, ұлттық мұраның үзілмей жалғасуына үлес қосты. Бұл – болашақ ұрпақтың өз тамырынан нәр алуы үшін маңызды бастама.

Қатысушылардың еңбегі бағаланып, үздік деп танылғандар ұйымдастырушылар тарапынан алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Қарағандыда өткен бұл фестиваль – өнер мен рухтың, дәстүр мен заманауилықтың тоғысқан тамаша мерекесі. Мұндай мәдени шаралар елдің рухани өмірін байытып қана қоймай, ұлттар арасындағы өзара құрмет пен сенімді нығайтады.

Халық өнерін дәріптеу – тек өткенге тағзым емес, болашаққа бағыт. Себебі, дәстүр – ұлттың жүрегі, ал оны ұлықтау елдің еңсесін көтеретін игі іс.

Ералы ҒАНИ,

«QH»