Ұлттық мереке – ұлт рухының айнасы

Қазақстан үшін 25 қазан – Республика күні ерекше маңызға ие. 1990 жылдың дәл осы күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Қаз ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылдап, еліміздің тәуелсіздікке деген алғашқы қадамын ресми түрде бекітті. Бұл тарихи құжат Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуының бастау нүктесі болды. Сол себепті 25 қазан тарих бетінде алтын әріппен жазылып, еліміздің ұлттық мерекесі ретінде атап өтіледі.

2022 жылы Ұлттық құрылтай жиынында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл күннің маңыздылығын тағы бір мәрте атап өтіп, 25 қазанды қайтадан ұлттық мереке ретінде бекітуді ұсынды. Осы бастаманың арқасында 2022 жылдан бастап бұл күн еліміздің ұлттық мерекелер тізіміне қайта енгізілді. Бұл – тарихи мұрамызға деген құрметтің белгісі ғана емес, сонымен қатар мемлекетіміздің егемендігі мен тәуелсіздігін тағы бір мәрте айқындаған маңызды қадам.

Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Бейбіт Жұмабековтің айтуынша, Республика күнін ұлттық мереке ретінде бекіту – егемендігіміздің айқын көрінісі. Ол ұлттық мерекелердің тек тарихи даталарға ғана емес, халықтың рухани және мәдени құндылықтарына негізделуі тиіс екенін атап өтті. Жұмабековтің пікірінше, бұл мерекені атап өту барысында қазақ халқының қалыптасуы, тарихы және руханиятына бойлау қажет. Осы мақсатта жастар мен жалпы көпшілікке қысқаметражды тарихи фильмдер көрсету, сахналық қойылымдар қою ұсынылады.

Мемлекеттік мереке мен ұлттық мерекенің айырмашылығына тоқталған депутат: «Ұлттық мереке елдің қалыптасуы мен халықтың тарихына негізделіп, руханиятының айнасы болса, мемлекеттік мерекелер белгілі бір ресми, саяси оқиғаларды айқындайды», – деп түсіндірді.

Бұл ретте, 25 қазан – ұлттық құндылықтарды дәріптейтін мереке болса, 16 желтоқсан – еліміздің тәуелсіздігіне қол жеткізген күн, мемлекеттік мереке ретінде айқындалған. Қазақ хандығының құрылуынан бастап, егемен ел ретінде қалыптасқанға дейінгі ұзақ жол – халқымыздың тарихи мұрасы. Республика күні мерекесін ұлттық-тарихи мазмұнда атап өту арқылы біз осы мұраның құндылығын ұрпақтан-ұрпаққа жеткіземіз. Бұл тек өткенді еске алу емес, болашаққа бағыт-бағдар беру, егемендік пен тәуелсіздік үшін күрескен бабалардың аманатын сақтау. Мереке барысында ел тарихына байланысты түрлі шара, көрме, тарихи фильмдер мен спектакльдер ұйымдастыру осы мақсатқа қызмет етеді.

25 қазан – біздің егемендігіміздің, тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуымыздың нышаны. Бұл күн ұлттық мереке ретінде бекітіліп, еліміздің әрбір тұрғыны үшін ерекше маңызға ие болды. Мерекелік шаралар арқылы біз еліміздің тарихына тағы бір мәрте шолу жасап, болашағымыздың жарқын болуы үшін бірге еңбек етуге, бірлігімізді нығайтуға шақырамыз. Республика күнін ұлттық мереке ретінде атап өту – егемендік пен тәуелсіздік құндылықтарын жаңа ұрпаққа жеткізу, рухани жаңғырудың көрінісі. Еліміздің мемлекеттілігі мен ұлттық болмысын айқындаған бұл тарихи күнді ұлықтау – болашақ ұрпаққа қалдырылған маңызды аманат.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,                                     

«QH»