«ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ» ДИАЛОГ АЛАҢЫНЫҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Фильмдерді қазақ тіліне аударатын компанияларға жеңілдік жасау қажет. Сенатта өткен «Ұлттық мүдде» диалог алаңының отырысында осындай ұсыныс айтылды. Қазіргі заң бойынша, ел нарығына шетелдік фильмді әкелу үшін ол қазақша дубляждалуы керек немесе қазақша субтитр қосылуы – міндет.

Дегенмен көп компания фильмдерді қазақша дыбыстамай, аудармасын астына жаза салады. Бұл қазақтілді көрермендердің таңдау құқығын шектейді. Сондықтан қазақша дыбыстағандарға жеңілдік жасалғаны дұрыс екенін айтады «Disney» компаниясының дубляж режиссері Шахмұрат Ордабаев:

– Еуропаның кей мемлекеті мынадай бір жақсы ой тапқан, жақсы идея. Өз тілінде шығатын контент көрсететін компанияларға салықтық жеңілдік жасалған. Міне, сондай жолдарды Қазақстан да тәжірибесіне енгізіп, кинотеатрларда қазақтілді контент көрсеткен жағдайда салықтық жеңілдік жасалса, сондай бір ерекшелік болатын болса, міне, сол арқылы үлкен жетістікке жетеріміз анық. Ал егер осындай мүмкіндік беріп жатсақ, кәсіпкерлер де тәуекел етер еді.

Алқалы жиында жаһандық сын-қатерлер кезеңінде жалпыұлттық құндылықтарды қалыптастыру, жетілдіру және дәріптеу бағытындағы өзекті мәселелер талқы таразысына салынды. Ал ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында осы мәселеге тоқталып, негізгі құндылықтарды атап өткені белгілі. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш таған озық әрі табысты елге айналу жолында айрықша маңызға ие.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» идеологиялық тұжырымында осы бағыттағы негізгі бағдарды айқындап берді. Олар – тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық. Бұл құндылықтар азаматтық жауапкершілікті нығайтып, қоғамның дамуына серпін беретін ұлттық сипатқа ие. Сондықтан оларды дәріптеу – баршамыз үшін маңызды міндет, – дейді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Палата спикері көздеген мақсаттарға қол жеткізу үшін аталған идеологиялық тұжырымды оқу бағдарламасына енгізу және бұл құндылықтарды жастардың бойына сіңіру жолында креативті индустрияны тиімді пайдалану маңызды екенін айтты.

Жанбота БЕЙСЕНБАЙ, «QH»