Ұлттың ұлы ұстазы

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына арналған «Қазақстандық білім беру жүйесіндегі дәстүр мен жаңашылдық» атты облыстық конференция өтті.

Шараны Қарағанды облысының білім басқармасы, білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы, Ыбырай Алтынсарин атындағы №101 мектеплицейі ұйымдастырды.

Конференция барысында білім беру саласындағы Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық мұрасының өзектілігі, жаңартылған білім беру мазмұны: мәселелер мен шешімдер, білім берудегі жаңашыл технологиялар және оның маңызы, мектеп кітапханасының білім берудегі рөлі талқыланып, ғылыми баяндамалар мен мақалалар, зерттеу жұмыстары ортаға салынды.

Ұйымдастырушылар ісшараның басты мақсаты – ғылыми бағытта ізденіс жасап жүрген педагогтерді анықтау және қолдау, қоғамның назарын білім берудің заманауи мәселелеріне аудару екендігін атап өтті.

— Біздің міндетіміз — Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық, ғылыми, шығармашылық тұлғасын зерделеу арқылы ұстаздық қызметтің маңыздылығын көрсету, білім беру үдерісінің сапасын арттыруға ықпал ететін заманауи педагогикалық технологияларды насихаттау, педагогтердің ғылымиәдістемелік жұмыстарының озық тәжірибелерін насихаттау және тарату, ғылыми ізденістерге қолдау көрсету, оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру және дамыту бойынша жаңашыл педагогикалық іс-тәжірибемен бөлісу, — деді ұйымдастырушылар.

Ғылыми — тәжірибелік конференцияға білім беру ұйымының басшылары, мұғалімдер, әдіскерлер, тәрбиешілер, сынып жетекшілері, мектеп психологтары, студенттер, магистранттар, жас ғалымдар, мектепке дейінгі және қосымша білім беру педагогтері, кітапхана қызметкерлері, тәрбие жұмысын басқару саласының мамандары қатысты.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА,

QH.