Ұлттық идеяны сөз етсек…

Ұлы далада ұлттық мемлекет құру үшін алдымен ұлттық бірегейлік (национальная идентичность) мәселесін шешіп алғанымыз жөн. Ұлттық бірегейлікті қалыптастыру – күн тәртібінде буы бұрқырап тұрған елдің тағдыршешті мәселесі. Алайда біздің топырақта бұл тақырып аясында әлеуметтік, ғылыми, сараптамалық ізденістер жоқтың қасы не бір қолдың саусағымен санарлық қана. Саясаткерлер қауымы тарапы да ұлттық бірігуге апарар жол – азаматтық бірегейліктің жолдарын қарастыруға арналған келелі әңгіме қозғамай келеді. БАҚ-тың ашық алаңдары да мұндай пікірталастардан ада. Тыйым салынғандай «табу» күйінде қалып отыр. Ел тағдыры туралы әңгімеде ұсақ-түйекке орын беріліп, өзекті мәселені сөз етуге дәтіміз жетпей отырғаны рас.

Әсілі, оның өзіндік себептері де жоқ емес, соның бірі – еліміздің географиялық орналасу жағдайы. Қазақстан Жапон еліндей емес, онда ұлттық бірігу, бірлік мәселесінде еш қауіп төніп тұрған жоқ. Ал Қазақстан үшін, ұлт тәуелсіздігін қорғауды айтпағанның өзінде, азаматтық ұлт құру – ұлттық бірігумен өзара тең қарастырылатын мәселе. Ұлттық мұратта бірігуді талап ету – адам өзін қай ұлттық мемлекетке жатқызатыны жөнінде еш күмән болмауы тиіс дегенді білдіреді.

Ұлттық қоғам құру процесі идеологиялық, әдіснамалық, институционалдық мәселелерді жүйелі түрде зерттеуді, елдің ұлттық идеясы тұжырымдамасын әзірлеуді және оны іске асыруды талап етеді. Онда ұлттық мемлекет құру бойынша мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттары тұжырымдалуы керек. Ал ұлттық идея:

– біріншіден, мемлекеттің, қоғамның және жеке адамның мақсаттары мен міндеттерінен туындайды;

– екіншіден, ол ұлттық саясаттың әдістері мен құралдарын таңдаудан көрінеді;

– үшіншіден, ұлттық ұғымдар мен образдар қалыптастыруды керек етеді.

Бұл мәселелер қазір құнды бағытқа айналуы тиіс. Ол үшін екі мәселенің басын ашып алғанымыз жөн:

– біріншіден, мемлекеттілік іргесін нығайтып, түбегейлі өзгеру негізінде жаһандық бәсекеге қатысу (бұл – болмай қоймайтын заңдылық);

– екіншіден, онда жойылып кетпеу жолдарын аңдау.

Бұл міндеттер Қазақстан халқының, ең алдымен оның болашағы – жастар сегментінің ішкі мобилизациялануын талап етеді.

Ұлттық идеяны дамыту және оны іске асырудың перспективалары этнодемографиялық процестермен, соның ішінде халықтың табиғи өсу динамикасымен және көші-қон процестерімен тонның ішкі бауындай етене қабысып жатыр. Мұндағы туындайтын жойқын мәселе – жалған урбанизациялану, яғни ауыл тұрғындарының қалаға үдере көшуі. Қала өміріне бейімделудің қиындығы. Мигранттардың қаладағы өмір салтына ауылдың дәстүрлі өмір салтымен келуінің салдары халқымыздың көп бөлігінің маргиналдануына әкеліп соғады. Бір мәдениеттен екінші бір мәдениетке өте алмаған, оның талаптарын игере алмаған маргиналдар ұлттың бірігу мұратына нұқсан келтіретіні өз-өзінен түсінікті. Сондықтан қалыптасқан бүгінгі ахуалға қарап, қазақ қоғамының идеологиялық негізде топтасуы өте төмен дәрежеде деген қорытындыға келеміз.

Осы ыңғайда барынша шартты түрде ұлттық идея елдің мемлекет ретінде іргесінің бекіп сақталуынан; оның болашағын «жаңа уақыт», «жаңа бағыт», «жаңа Қазақстан» түсінігінде азаматтық қоғамның тұрақты даму қарқыны арқылы қамтамасыз етумен ғана өміршең бола алады дейміз.

Бұндай ұлттық идеяға ірге болатын ұстанымдар, біздіңше, өрнегін былайша табуы тиіс:

– Қазақстанның өз алдына егемен мемлекет ретіндегі маңызы мен құндылығын баса көрсететін азаматтық ұлтшылдық;

– ұлттың негізгі өлшемі – Қазақстан Республикасының азаматы;

– қазақ этносы анықтаған төлтума символдар, ұлттық образдар;

– қазақтар – азаматтық ұлт қалыптастыруда жүйе құрайтын тірек этнос, елдің бірігуіне негіз, тек осылайша ғана қазақтар өзінің тарихи миссиясын орындайды;

– этникалық ұлтқа қарамастан барлық қазақстандықтың өзара теңдігі. Конституцияда көзделгендей, республиканың кез келген азаматына өзін-өзі жүзеге асыру үшін қажетті құқықтар мен бостандықтар арқылы тең мүмкіндіктер берілген.

Елді түбегейлі өзгертуге қажетті мақсаттар мен құндылықтар, біздіңше, мынаған саяды. Қоғамның негізгі құндылығы ретінде қалалық мәдениеттің мына параметрлері ұсынылады: урбанизация, индустриализация, модернизация, білімділік, кәсібилік, бәсекеге қабілеттілік, зияткерлік (интеллект). Модернизацияланудың талаптары, әлемдік еңбек бөлінісі және бәсекелестік қабілеттілік білім мен интеллектуалды дамуға деген қатынасты анықтайды. Қазақ ұлтының төңірегіне ұйысқан түрлі этностардан тұратын қазақстандықтар – білімді (интеллектуалды) және бәсекеге қабілетті ұлт.

Ұлттық идеяның модернистік көзқарасы қос демографиялық мәселені шешуге (біріншіден, халық санының өсуіне; екіншіден, адам әлеуетінің сапасын арттыруды қамтамасыз етуге) бағытталуы тиіс.

Тәуелсіздік кезінде ұлтаралық тұрақтылықты сақтау ішкі саясаттың басты басымдықтарының бірі болғанына қарамастан, мемлекеттің қазіргі қадамдары әлжуаз күйде қалып отыр. Бұның өзі Қазақстанда мемлекеттік ұлттық саясаттың ұзақмерзімді бағдарламасы жасалмағанын айғақтайды. Оның негізгі себептері:

– ұлттық мемлекет құру идеологиясының мазмұнын анықтайтын тұжырымдамалық құжаттың болуына қарамастан (2030 Стратегиясы), бұл құжаттың ережелері ішкі саясаттың нақты бағыттарына, оның ішінде этносаралық салаға бейімделмеген;

– ұлттық мелекет құруда қолданылатын ұғымдар мен категориялардың біртұтас түсіндірмесі болмай тұр. Ұлттық ұғымды білдіретін тілдік аппаратта бірізділік жоқ. Мәселен, ұлттық саясатты қоғамның бір бөлігі «мемлекеттің этникааралық мүдделердің тепе-теңдігін қамтамасыз етуін сипаттайды» деп таныса, екінші бөлігі «саяси ұлт қалыптастыру бағдарламасы» деп, яғни ұлттық қоғам құру ретінде түсінеді. Алайда бұл екі процесс өзара бірдей еместігін түсіндірудің қажеті шамалы:

– басымдықтар анықталмаған кезде, саяси ұлт қалыптастыру үдерісінде бірізділік сақталмайды: бір жағынан, билік азаматтық саяси ұлт құруға ниет білдірді (қазақстандықтар біртұтас саяси қауымдастықты құрайды), екінші жағынан, ол қоғамның ұлтшыл бөлігімен ымыраға келеді («Қазақстан – қазақтар үшін» деген тезисті жоққа шығармайды);

– әр түрлі этникалық топтар мүдделерінің кей қырлары, қақтығыстардың туындауы мүмкін тұстары, нәтижесінде осы қақтығыстардың алдын алу нұсқалары әлі де анығын тапқан жоқ;

– халықты мемлекеттік тілді меңгеруге ынталандыру мақсаты дұрыс жолға қойылмаған;

– мемлекеттің ұлт құру саласындағы процестерге әкімшілік ықпал ету тетіктері бола тұрса да, осы жылдар аралығында ешқандай икемді (soft power) құралдары жасалмады. Билік этносаласында кіші Қазақстан Халықтары Ассамблеясы (ҚХА) ұлттық мәдени орталықтардың (ҰМО) қызметін біршама қалыпқа түсіргендей. Әйтсе де бұл қызметтің алғашқы буынын құрайтын ҚХА-ны айтпағанның өзінде, ҰМО-ның ықпал ету дәрежесі тым мардымсыз. Көптеген ұлттық мәдени орталықтардың жұмысы этникалық қауымдастықтың ішкі процестеріне ықпал ете алмайды (Моловодье, Қарағанды, Қордай оқиғалары – осының куәсі). Олардың басшылары әдетте қауымдастық ішінде ықпал ету беделі жоқ, көпшілікке тіптен белгісіз жандар келеді. Осының негізінде ҚХА мен ҰМО-ның декоративтік қана сипаты бар, оларды халық мойындамайды, тиімді құралы ретінде қарастырмайды.

Анығы – мемлекеттік органдардың ұлттық қоғам құру үдерісіне ықпал ету қабілеті шектеулі. Ел ішіндегі дағдарыс жағдайларына формалды түрде жауап қайырады. Бұл саладағы ұзақмерзімді іс-қимыл бағдарламасының болмауы салдарынан билікке қарсы топтар этникалық қақтығыстарды өздерінің саяси мүдделері үшін пайдалануда.

Ұлттық-патриоттық ұйымдар биліктің Кеден одағы, Біртұтас экономикалық кеңістік, шетелдік инвестицияларды тарту, қазақстандық активтерді шетелдік иелерге беру сынды интеграциялық бастамаларын ұлттық мүдделерді қорғау дегеннің желеуімен өз идеяларын насихаттауда. Әуелде Н.Назарбаев өмірге әкелуге ұмтылғын ұлттық мемлекет моделі кәдуілгі Еуропа моделі еді, ал Еуропа моделіне мына белгілер тән: 1) титулды бір халық; 2) бір мемлекеттік тіл; 3) мемлекеттік-этникалық символика; 4) мемлекеттік тілде халықтың тек бір бөлігі сөйлесе де, екінші бөлігі өзінің тума тілі бола тұра, жалпы мемлекеттік патриотизмді қолдайтындар қатарына жатады.

Бүгінгі еуропалық ұлт – бекітілген бір ғана тілде сөйлейтін сауатты ұлт.

Ал Қазақстанда бұндай болған емес. Ұлттың қалыптасу үдерісі патшалық Ресейдің шеткі аймағы ретінде, одан соң КСРО республикасында өтті. Мұның өзі русификациялану құрсауында болды. Тәуелсіз мемлекеттің құрылу сәтінде толыққанды ұлт болған емес. Ұлттық қалыптасу процесі әлі де жүріп жатыр. Бірақ өте-мөте қиын жағдайда жүріп жатыр. Қазақстан уақыттың «құрсауында» қалды. Алайда еуропалық елдерде бұл процесс біртіндеп жүзеге асса, Қазақстан үшін қысылтаяң кезде ұлттық әрі демократиялық құрылымды қатар құру міндетін алып отыр. Еуропада жергілікті ұлттар өздерінің ұлттық мемлекеттерін демократиядан көп бұрын құрып алған еді. Көптеген еуропалық мемлекеттер бір титулдық этностың негізінде, сол этностың мемлекеттік тілі негізінде құрылды. Осы тұрғыдан алғанда, Германия мен Франция таза этнократиялық елдер қатарына жатады. Әлбетте, ұлттық мемлекет әуелден болғаннан соң, енді демократия, ұлттық азшылықтың либералды құқықтары, бір ұлттан жоғары тұратын жалпы еуропалық біртұтастық туралы ойлануға болады. Алайда бұл жерде мультимәдениеттіліктің азаматтық ұлт қалыптасып болған кезде ғана жүзеге асатынын ұмытпауымыз керек.

Интернеттегі әлеуметтік зерттеу материалдарында ұлттық этноқазақтық түсініктің көрініп қалатынын аңдаймыз. Кейбіреуі ұлттық-радикалдық ұстанымда екені («Қазақстан – қазақтар үшін)» аңдалады.

Зерттеу нәтижелері этникалық көреалмаушылыққа негізделген негативті этноқазақтық ынтымақтастықтың қалыптаса бастағанын көрсетеді. Қазақ жастарының мұндай негативті консолидациясы билікке қарсы тұруға айналып кетуі мүмкін. Қаңтар оқиғасы соны көрсетіп отыр. Бұл жайтты биліктің дағдарысқа ұшырауын үнемі бақылап отыратын мүдделі саяси топтар (ықпалы бар топтар) билікке қарсы пайдаланып кетуі де кәдік. Егер саяси ұлт болып қалыптаспастан бұрын этникалық мәселелердің саясилануы шарықтау шегіне жетсе (этноқазақтың өзін-өзі анықтауы негативті сипат алғанда), Қазақстан «сынақ пролигонына» айналуы мүмкін. Бұл әр түрлі ағымның «өзгелерге» этникалық фобия мен алалаушылықтың көрсетуінен бастап, мемлекеттің тәуелсіздігі тек қазақ халқына тән деген түсінік белең алғанда болады. Соңғысын сөз еткенде, саяси салдар ретінде ұлтты этнонегізде құрудың екі моделінің бірін жүзеге асыруды болжауға болады, ол:

Біріншісі – «эволюциялық модель», бұл этнодемографиялық процестердің динамикасы бойынша құрылады.

Қазақстанда қазақ этносының үлес салмағы табиғи өсу есебінен де, қандастардың көші-қон бойынша елге оралуы есебінен де үнемі артып отырады. Оның есесіне еуропалық/славяндық этностардың үлес салмағы азаяды да, шығыс/азиялықтардың үлесі еңбек миграциясының арқасында орташа қарқынмен өсе түседі. Мәдени-өркениеттік тұрғыдан алғанда, бұл процестер біртіндеп азаматтардың этникалық бірегейлігінің кең таралуына, қазақ тілінің қолдану аясының кеңеюіне, әлеуметтік қатынастардың кейбір түрінің ұлттық дәстүрде қалыптасуына әкеледі.

Екіншісі – «революциялық модель», бұнда этнодемографиялық процестердің динамикасы күрт, түбегейлі қайта қалыптасады. Еуропалық және славяндық этностардың эмиграциясы жедел қарқынмен дамып, оның есесіне қазақтар және аймақтың басқа елдерінен қоныс аударушылар қатары көбейе түседі. Мәдени-өркениеттік тұрғыдан алғанда, бұл – қазақ пен еуропалық/славян этностарының арасында бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі өзара байланысының орнын қазақтар мен өзге де азиялық этностардың өзара әрекеттесуі мен бәсекелестігі басады деген сөз. Нәтижесінде қоғамдық қатынастар қалыпты дәстүрге айтарлықтай ыңғайланып, діни мәселелер басымды маңыз алып, елімізде еуропалық бағыт ұстанған халықаралық құрылымдарға интеграциялану мәселесі азайып, осыдан аймақтық деңгейде, исламдық әлемде интеграциялану үрдісі өзекті бола түседі. Алдағы уақытта бұл азиялық топтардың Қазақстандағы тұрғындар арасындағы үлесінің артуына, қазақтардың Өзбекстанда, Тәжікстанда, ШҰАР-да кең таралған мәдени-өркениеттік модельдерді қабылдау тенденциясын қалыптастыруға, соның салдарынан этникалық бірегейлікті жоғалту немесе Орталық Азия елдерінен келген қазақтарда қалыптасқан жағдайда этномәдени қарсыласуы секілді жаңа қауіптің туындауына әкеледі.

Алайда екі модельде де бірқатар шектеуші факторлар бар:

– елдің экономикалық өсуінің қиын тұстары (еңбек нарығы аясының тарлығы, әлемдік нарықтардағы бәсекеге қабілеттіліктің азаюы);

– кең аумақтарда егемендікті қамтамасыз ету қиындықтары;

– урбанизация процесі аяқталғаннан кейін халық тұрмысының кемуі;

– елдегі азайған этникалық топтармен ұдайы қақтығыстардың орын алу мүмкіндігі (көрші елдермен);

– әлеуметтік технологияларды қолдану арқылы этникалық аз топтарды ұлттық мәселелерді шешуге тартудың мүмкін еместігі.

Жаһандану жағдайында дәстүрлі этникалық идея бәсекеге қабілетті бола алмайды, өйткені ол әлемдік қоғамдастыққа толық интеграциялануға және елдің оң имиджін жасауға мүлдем сәйкес келмейді. Оның үстіне, бұл процесс өзін-өзі оқшаулау қаупін төндіруі де мүмкін, ал бұл қазіргі әлем елдерінің өзара байланысының дамуы жағдайында кері әсерін тигізері анық. Алыс-жақын елдермен алыс-беріс қатынассыз жеке-дара даму болмайды. Сонымен бірге бұл қазіргі заманғы демографиялық тенденциялар Қазақстан халқы үлесінің салмағы ауыл және маргиналды топтың пайдасына қарай өзгеруіне алып келеді. Бұл процестердің негізгі трендісі – жалған урбанизация. Ауыл тұрғындары қалаға жаппай қоныс аударады да, ал мұндай саны көп халықты қалалық орта өзіне бейімдей алмайды. Керісінше, мигранттар қала өміріне ауылдық тұрмыс-салтын алып келеді. Мұның өзі көптеген маргиналданған топтарды қалыптастырып, басты ұлттың бірігуіне нұқсан келтіреді. Мұның бәрі экономиканы жекешелендірудің жаңа циклін туындатып, оның тұрақты өзін-өзі қамтамасыз ететін өсуге көшуін кейінге қалдырады; сонымен қатар Қазақстанның жаңғыру жобасына да (мемлекеттік бағдарламалар), сайып келгенде, оның егемен мемлекет ретінде өмір сүруіне де қауіп төндіреді.

Бүгінгі қазақ жастарының этно-ұлттық санасы эволюциясының даму бағыттары анық емес. Мемлекеттің елдегі жағдайға оңынан ықпал ету қабілетін арттыру, жастардың этно-ұлттық санасы эволюциясының керексіз ауытқулардың алдын алу үшін ұлттық құрылыстың модальды бағытымен үйлесімділігін реттеу үшін оның тетіктерін жедел түрде (жүйелік режимде) қамтамасыз етуді талап етеді.

Ұлтшылдықтың екі келбеті бар: бірі – мемлекеттік, екіншісі – этникалық. Мемлекеттік ұлтшылдық интеграцияға, азаматтық бірлікті қамтамасыз етуге бағытталған. Этно-ұлтшылдық – ыдырауға, өйткені ол «біз» – «олар», «өзіміздікі» – «бөтен» деген қарама-қайшылық қағидаттарына негізделген.

Көптеген байыпты зерттеушілер этно-ұлтшылдықты шовинизм мен ксенофобиямен теңестіруге болмайтынын атап өтеді. Бірақ олардың арасында өте нәзік шек бар. Бұл шынайы ұлттық сезім бе немесе бос ұлтшыл байбалам салудың табиғи көрінісі ме, міне, осыларды анықтау қиынға түседі.

Қазақстан тарихи өзгерістер кезеңін бастан кешуде, бірақ ол аяқталған жоқ десе де болады. Осы кезеңде азаматтық өзін-өзі анықтау қиындықтарына байланысты туындайтын бірегейлік дағдарысына ұшырамау әсте мүмкін емес. Дағдарыстың бұл қалпының әсіресе жастардың арасында қауіптілігі айқын көрінеді. Елдіктің өзін-өзі бұзуы әр түрлі этникалық ортадан шыққан радикалдардың өз айырмашылықтарының орындалуын талап етуден басталады. Бүгінгі басты мәселе – жастар қауымдастығының ішкі жік-айырмашылықтарын анықтау. Ал ертең ара-жікке бөлінген кеңістікте не болады? Жас қазақстандықтардың ұлттық (азаматтық) бірегейлігін, ең алдымен, мемлекеттік жастар саясаты мен білім беру арқылы дәйекті түрде іске асыруымыз керек.

Елеужан СЕРІМОВ,

«Облыстық қазақ тілі және мәдениеті қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы,

заң ғылымдарының кандидаты,

Қарағанды қаласы, Қазақстан Республикасы,

e-mail: mr.serim@mail.ru.

+77014400016