Ұлттық экономика министрі – Қарағандыда
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келді. Министрдің сапары Сарыбел ауданындағы Есіл ауылында басталып, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында өткен жиында түйінделді. Ведомства басшысы жергілікті халықтың талап-тілегін тыңдап, бизнес өкілдерімен жүздесті. Кездесу барысында аймақ дамуына тікелей қатысы бар бірқатар мәселе талқыланды.
Ұлттық экономика министі аймақтағы кәсіпкерлікті дамыту мен қолдаудың мемлекеттік бағдарламалары аясында жұмыс істеп тұрған өндірістік нысандарды аралады. Олардың қатарында Саран қаласындағы жылына 3,5 млн. шина шығаратын «KamaTyresKZ» зауытының құрылысы да бар. Жоба құны – 125 млрд. теңге. Қазіргі таңда мұнда 140 адам тұрақты жұмыс істеуде. Құрылыс аяқталған соң кәсіпорын 1116 адамды жұмыспен қамтиды деп көзделуде.
Министр «Maker» Қарағанды құю-машина жасау зауытында да болды. Аталған зауыт өз қызметкерлерінің жалақысын биыл 30 пайызға өсіріпті. Мұнда 883 қызметкер жұмыс атқарады. Құны 13,7 млрд. теңге болатын жоба ішкі нарыққа жылына 12 383 тонна өнім шығарып отыр.
Ұлттық экономика министрі барған келесі нысан – «Қолғанат Қарағанды» тігін фабрикасы.
Фабрика 2015 жылдан бастап әлеуметтік кәсіпкерлік бағдарламасы аясында жұмыс істейді. Ұжымда 45 маман еңбек етуде. Жартысынан көбі – мүмкіндігі шектеулі адамдар. Цех жылына 30 мың жұмыс киімін және 720 мың респираторды нарыққа шығарады.
Осыдан соң министр «Атамекен» ұлттық кәспікерлер палатасының мәжіліс залында жергілікті бизнес өкілдерімен кездесті. Ашық форматта өткен жиында кәсіпкерлердің шағымдары тыңдалып, мемлекеттік қолдау шаралары туралы толыққанды түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
– Үкімет шағын және орта бизнесті қолдау бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Мәселен, биыл Қарағанды облысының жеке кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асыруға 12,5 млрд. теңге бөлінді. Биыл 1 тамыздың есебімен жалпы несие сомасы 15,2 млрд. теңгеге 277 жоба субсидияланды, ал, берілген кепілдіктер көлемі 3,5 млрд. теңгені құрады, – дейді Ұлттық экономика министрі.
Кездесуді қорытындылаған Әлібек Қуантыров қатысушыларға белсенділігі үшін алғыс білдіріп, айтылған ұсыныстар мұқият қаралатынын жеткізді.
Арман АБИЛҚАСЫМОВ,
«QH»